Әкімнің сөзін бөлген депутат сотта жеңіліп, мандатынан біржолата айырылды

07.07.2026 10:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әкімнің сөзін бөлген депутат сотта жеңіліп, мандатынан біржолата айырылды
257
Коллаж Politico.kz

Жамбыл облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Дамир Ташқараев апелляциялық сотта жеңіліп, депутаттық мандатын қайтара алмады. Бұл туралы Orda.kz жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Облыстық соттың алқасы Тараз қалалық сотының шешімін күшінде қалдырып, экс-депутаттың шағымын қанағаттандырмады. Ташқараев "AMANAT" партиясынан шығарылғанымен келіспей, өкілеттігінен айырылуын саяси себептермен байланыстырған еді. Оның айтуынша, оқиға 2025 жылдың наурызында мәслихат сессиясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің баяндамасын бөліп жібергеннен кейін басталған. Желіде таралған видеодан соң 12 күн өте оны партиядан шығарып тастаған. Алайда партия мен мәслихат өкілдері бұл екі жағдайдың өзара байланысы жоқ екенін алға тартады.

Апелляциялық саты кассациялық соттың нұсқауымен 3 эпизодты қарады. Олар Шайқорық ауылындағы мектеп құрылысы, тағы бір бұрынғы депутатты жақтап сөйлеуі және "Ауыл Береке" базарындағы жағдай. Алғашқы 2 жайт бойынша сот партиядан шығаруға жеткілікті негіз таппады. Дегенмен базардағы оқиға дәлелденді деп танылды. Куәгерлер депутаттық комиссияның көшпелі отырысында Ташқараевтың балағат сөздер айтқанын растаған. Сот осыны негізге алып, партия жарғысына сай оны беделді түсіргені үшін қатардан шығару шешімін заңды деп тапты. Қазіргі уақытта қаулы күшіне еніп, Ташқараевтың округінде жаңа сайлау өтіп, басқа депутат сайланды.

Бұған дейін бұрынғы халық қалаулысы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, өзін партиядан шығаруды заңсыз деп атаған болатын. Қорғаушысы іс барысында бірқатар олқылық болғанын атап өтті. Мәселен мәслихаттың хаты партияға түспес бұрын 6 сағат бұрын Ташқараевқа ереже бұзғаны туралы хабарлама жіберілген. Осы жағдайға қатысты мәслихат әкімдік тарапынан ешқандай қысым болмағанын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий