Алматы тауларында туристер адам мәйітін тапты
Алматы облысының Талғар ауданындағы Северцов мұздығында туристік жабдықтардың арасынан адам сүйектері анықталды. Бұл туралы Анастасия Ахметова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның мәліметінше, 16 тамызда тауда жаяу саяхаттап жүрген беларусьтік туристер мұздық маңынан адам сүйектерін байқап, жағдайды видеоға түсірген. Олар бұл туралы тиісті қызметтерге дереу хабарлап, оқиға орнының нақты координаттарын, фотосуреттер мен бейнематериалдарды жолдаған.
Ахметова мұздықта адам сүйектерінің ұзақ уақыт бойы жатуы алаңдатарлық жағдай екенін атап өтті. Оның пікірінше, қайтыс болған адамның сүйегін тауда қалдырмай, оны алып түсіріп, кім екенін анықтау қажет. Себебі бұл адамның артында оны күтіп отырған жақындары болуы мүмкін.
Автордың айтуынша, мәселе туристердің қауіпсіздігіне де қатысты. Оның сөзінше, осы жаздың өзінде бірнеше туристік топ адам сүйектері жатқан аумақтың жанынан өткен.
Бұған дейін 2025 жылы туристік топтардың маршруттық есептерінде де осы аумақта адам денесінің жатқаны туралы ақпарат болған. Сол мәліметтерді көрген беларусьтік саяхатшылар мәйіттің мұздықтан әлдеқашан шығарылғанын болжапты.
Анастасия Ахметова қаза тапқан адамның сүйектерін мұздықтан түсіріп, оның кім екенін анықтау және туыстарына табыстау қажеттігін көтерді. Оның хабарлауынша, жағдай туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне ақпарат берілген, кейін ведомство бұл мәліметті полицияға жеткізген.
Осы оқиғаға қатысты ТЖМ тілшімізге түсініктеме берді.
«Барыс» республикалық құтқару жасағы мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы 4300 метр биіктікте Северцев мұздығынан мәйітті алып шығу үшін аттанды», - дейді министрліктегілер.
Мәйіт түсірілгеннен кейін Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне беріледі.
Құтқарушылардың айтуынша, операцияны жер бедерінің күрделілігі мен қолжетімсіздігі қиындатып отыр.
Соңғы жаңалықтар