Алматыда 50-ге жуық оқушы ауруханаға түсті: мектеп асханасында не болған?

14.10.2026 • 11:53 Әсел МҰРАТ
Алматыда 50-ге жуық оқушы  ауруханаға түсті: мектеп асханасында не болған?
159
Фото: ашық дереккөз

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің  48 оқушысынан ішек инфекциясы анықталып, барлығы емдеу мекемелеріне жатқызылды. Болған жағдайға байланысты денсаулық сақтау министрлігі шұғыл санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды қолға алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары мектепті тамақпен қамтып отырған «Master Food» ЖШС асханасына шұғыл тексеру жүргізді. Тексеріс нәтижесінде бірқатар өрескел заңбұзушылықтар әшкереленді:

  • Азық-түлік өнімдерін сақтау ережелері сақталмаған;
  • Дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу талаптары бұзылған;
  • Құжаттары талапқа сай келмейтін сүт өнімдері пайдаланылған.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың жұмысын уақытша тоқтату, жекелеген тағам түрлерін сатуға тыйым салу және күмәнді өнімдерді тәркілеуді міндеттейтін 5 қаулы қабылданды.

Инфекцияның нақты көзін анықтау үшін ауыз су мен азық-түліктен, ас үй жабдықтарынан сынамалар алынып, асхана қызметкерлері тексерілуде. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жүріп жатыр.

«14 қазандағы жағдай бойынша аурудың 48 жағдайы тіркелді. Барлық науқас ауруханаға жатқызылды, қазір олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекке мұқтаж балалар жоқ», – деп хабарлады министрлік өкілдері.

Мектеп-интернат ғимаратында толық дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Ауырған оқушылармен байланыста болған өзге балалар интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Асханадан анықталған заңбұзушылықтар бойынша жиналған барлық материал процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайды қатаң бақылауға алғанын және эпидемиологиялық тексерудің әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий