Алматыда курьер 3 млн теңгеге жуық қымбат гаджеттерді ұрлап кетті
Алматыда қымбат смартфондар мен басқа да гаджеттерді жеткізуге байланысты дау шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Кәсіпкерлердің айтуынша, тапсырысты алып кеткен курьер кейін байланысқа шықпай қойған. Ал келтірілген шығын шамамен 3 млн теңгеге бағаланып отыр.
Оқиға туралы ақпарат пен сатушылардың шағымы әлеуметтік желіде жарияланды. Олардың сөзінше, жағдай 28 қыркүйекте болған.
Кәсіпкерлер сатып алушыға ірі тапсырыс жіберген. Оның ішінде жады 1 ТБ және 512 ГБ болатын екі iPhone 17 Pro Max, Apple Watch смарт-сағаты және AirPods Pro сымсыз құлаққабы болған. Техниканың барлығын мопедпен келген курьер алып кеткен.
Біраз уақыттан кейін қосымшада тапсырыстың «жеткізілгені» туралы белгі пайда болған. Алайда сатушылардың мәліметінше, сатып алушы гаджеттерді алмаған, ал курьердің телефоны өшірулі болған.
Осыдан кейін кәсіпкерлер полицияға арыз түсірген. Олар жеткізу сервисінен курьердің жеке деректерін ала алмаған. Компания мұндай мәліметтер заң талаптарына сәйкес тек құқық қорғау органдарының ресми сұрауы бойынша берілетінін түсіндірген.
Кейін сатушылар құрылғыларды IMEI арқылы тексеріп, олардың белсендірілгенін анықтағанын айтады. Осыған байланысты гаджеттер қайта сатылып кетуі мүмкін деген болжам айтылды. Сондай-ақ курьердің елден кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тарағанымен, бұл дерек ресми түрде расталған жоқ.
Сервис өкілдері жағдайдың анықталып жатқанын және келтірілген шығынды толық өтеу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы тапсырыстар 3 млн теңгеге дейінгі кепілдікпен қорғалған.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар