Талдықорғанда әйелін бірнеше сағат ұрып, көршілерін қарумен қорқытқан ер адам ұсталды
Талдықорғанда ер адамның әйеліне бірнеше сағат бойы күш қолданып, көмекке келген көршілерді суық қарумен қуғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленушінің құрбысының айтуынша, ер адам бұған дейін де жұбайын бірнеше рет ұрып-соғып, қорқытып келген. Сондай-ақ ол өзінің байланыстары мен ақшасының арқасында жауапкершіліктен құтылып кететінін айтқан көрінеді.
Кезекті жанжал 2 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылардың бір жасар баласы ер адамның ұйықтауына кедергі келтірген. Осыдан кейін ол әйеліне бірнеше сағат бойы күш қолданғаны айтылады.
Әйелдің айқайын естіген көршілер көмекке келген. Куәгерлердің сөзінше, ер адам оларға да агрессия танытып, суық қарумен арттарынан қуған.
Таңертең әйел полиция шақыра алған. Оның жақындары болған жағдайды жан-жақты әрі объективті тексеріп, кінәлі тұлғаны заң аясында жауапқа тартуды сұрап отыр.
Әзірге полиция тарапынан оқиғаға қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар