ҰҚК-ның экс-төрағаларының атышулы істері мен құпия тағдыры
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы ауысты. Ермек Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды. Бұл кадрлық шешімге Самұрық-Қазына қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларын ұстау кезінде кеткен олқылықтар да себеп болғаны айтылды. Осы оқиғадан кейін журналист Асқар Жалдинов тәуелсіздік жылдарындағы ҰҚК төрағаларының тағдырына шолу жасап, олардың қызметтен кеткеннен кейінгі өмірі туралы талдау жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің айтуынша, Қазақстанда арнайы қызмет басшысының креслосынан кейін министрдің, дипломаттың, сенатордың орнына ауысуға да, тіпті түрмеге түсуге де болады. Кейбірі саясатқа қатысты пікір айтып, YouTube пен әлеуметтік желілерде белсенділік танытып жүр.
«ҰҚК төрағасының креслосы бізде тек өте жауапты ғана емес, сонымен бірге болжауға келмейтін орын екен. Бұл креслодан министрдің, дипломаттың, сенатордың, тұтқынның орнына ауысуға болады. Ал ерекше қабілет болса, танымал YouTube-блогеріне де айналуға мүмкіндік бар», – деп жазады Асқар Жалдинов.
ҰҚК-ны 13 адам басқарған
Жалдиновтің мәліметінше, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетін 13 адам басқарған. Олардың екеуі бұл қызметке екі рет тағайындалған. Әрқайсысының қызмет жолы әртүрлі аяқталған.
Алғашқы төраға Болат Баекенов кеңестік КГБ-ның негізінде Қазақстанның арнайы қызметін қалыптастыруға атсалысты. Одан кейін ведомствоны басқарған Сәт Тоқпақбаев кейін Қорғаныс министрі болды. Жеңісбек Жұманбеков те қызметінен кейін үлкен қоғамдық даулармен есте қалмаған, ірі жанжалдарсыз қызметтен кеткен басшылардың қатарында.
Алайда кейінгі кезеңде ҰҚК басшыларының айналасындағы оқиғалар әлдеқайда күрделене түсті.
Бір креслоға екі рет отырғандар
Әлнұр Мұсаев ҰҚК төрағасы қызметін екі рет атқарған. Кейін ол Рахат Әлиевпен бірге мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға әрекет жасады деген айыптаулармен байланысты аталды. Бұл оқиғалардан кейін шетелге кеткен Мұсаев Қазақстандағы саяси жағдайға қатысты пікірлерін жиі жариялай бастады.
«Бүгінде Қазақстанда Мұсаев пікір білдірмейтін оқиға жоқ сияқты. Ол Еуропадан елдегі жаңалықтардың бәріне дерлік түсініктеме беріп отырады. Кейде оның шетелдегі өмірі эмиграция емес, ҰҚК-нің тәулік бойы жұмыс істейтін баспасөз орталығы секілді әсер қалдырады», – деп әзілдейді журналист.
Нұртай Әбіқаев та ҰҚК-ны екі рет басқарған. Оның алғашқы төрағалығы қазақстандық МиГ-21 әскери ұшақтарын Солтүстік Кореяға заңсыз сату туралы халықаралық даумен тұспа-тұс келді. 11 жылдан кейін ол бұл кабинетке қайта оралды.
«Мұндай оқиғадан кейін үлкен саяси мансаппен қоштасуға болады деп ойлайсың. Бірақ олай болмады. Арада он бір жыл өткен соң Әбіқаев қайтадан ҰҚК төрағасы атанды. Кейбір адамдар бір өзенге екі рет түспейді, ал кейбірі ҰҚК төрағасының кабинетіне екі рет кіреді», – деп жазады автор.
Ал Марат Тәжин ведомствоны бірнеше ай ғана басқарған. Соған қарамастан, кейін мемлекеттік және дипломатиялық қызметте жоғары лауазымдарға қол жеткізді.
Бұрынғы басшылардың бір-біріне айтқан әңгімелері
ҰҚК-нің келесі төрағасы Нартай Дүтбаев болды. Оның басшылық кезеңі оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің өлтірілу оқиғасымен есте қалды. Бұл қылмысқа ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысы бар екені анықталды.
Кейін Дүтбаев сыбайлас жемқорлыққа және банкир Ержан Тәтішевтің өліміне қатысы бар деген айыптар бойынша сотталды. Сот тергеуі барысында оның Мұхтар Әблязовтің әрекеттерін бүрмелегені туралы мән-жайлар қаралды.
Алайда бостандыққа шыққаннан кейін бұрынғы ҰҚК төрағасы сұхбат беріп, елдегі саяси оқиғалар мен бұрынғы әріптестері туралы пікір білдіре бастады.
«Қазір ол саяси астыртын әрекеттер, бұрынғы әріптестері, биліктің құпиялары, тіпті масондар туралы да әңгімелейді. Сұхбаттарының тақырыбына қарасаң, кезінде қазақстандық қарсы барлау шетелдік тыңшылармен ғана емес, әлдеқайда экзотикалық ұйымдармен де айналысқан сияқты», – дейді Асқар Жалдинов.
Дүтбаевтан кейін комитетті Амангелді Шабдарбаев басқарды. Оның тұсында Рахат Әлиев пен Мұхтар Жәкішевке қатысты резонансты істер өрбіді. ҰҚК елдегі элиталық топтар арасындағы күрделі тартыстардың да ортасында болды.
Шабдарбаев та кейін сұхбат беріп, өткен кезеңдегі оқиғалар мен бұрынғы әріптестері туралы естеліктерімен бөлісті.
Авторды әсіресе бұрынғы басшылардың бір-бірімен ашық пікірталасқа түсуі қызықтырады.
«Дүтбаев Шабдарбаевты айыптайды, Шабдарбаев оған жауап береді, ал Мұсаев өзінің нұсқасын ұсынады. Мұның бәріне қарап, ҰҚК-де барлаушылар мен қарсы барлаушылар ғана емес, болашақ мемуаршылардың тұтас бір ұжымы жұмыс істеген екен деп ойлайсың», – деп жазады журналист.
Әділ Шаяхметов комитетті ұзақ басқармаған және оның қызметі ірі қоғамдық даулармен есте қалмады.
Ал Владимир Жұмақановтың төрағалығы кезінде 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда террорлық шабуылдар болды. Осы оқиғалардан кейін ҰҚК басшылығы тағы ауысты.
Үкімет басшылығынан түрмеге дейін кеткен экс-төраға
ҰҚК-нің бұрынғы төрағалары арасында Кәрім Мәсімовтің орны бөлек. Ол екі рет Қазақстанның премьер-министрі, Президент әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарған. Кейін бес жарым жылға жуық Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды.
«Біздің алдымызда жай ғана кәсіби күштік құрылым өкілі емес, елдегі ең ықпалды мемлекеттік қайраткерлердің бірі тұрды. Ол мемлекеттік құпияларға, жедел ақпаратқа және арнайы қызметтің орасан зор мүмкіндіктеріне қол жеткізе алды», – деп жазады Асқар Жалдинов.
Автордың айтуынша, Мәсімов қызметке кіріскен алғашқы айларда ҰҚК архивінен шықпай, өзіне қарсы болуы мүмкін тұлғаларға қатысты жедел материалдарды қараған деген әңгімелер болған. Жалдинов сол кезеңдегі кейбір қылмыстық істерге қарап, Мәсімовтің бұрын өзіне қарсы болған адамдардан кек алуы мүмкін екенін алға тартады.
Мәсімов басшылық еткен уақытта ҰҚК терроризммен, экстремизммен және сыбайлас жемқорлықпен күресіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болды. Ресми мәлімдемелерде ведомство жұмысының негізгі бағыттары осылай көрсетілді.
Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жағдай түбегейлі өзгерді.
Мәсімов мемлекеттік опасыздық жасады деген күдікпен ұсталды. Кейін сот оны билікті күшпен басып алуға әрекет жасау және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша да кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді.
Оның орынбасарлары да сотталды. Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Марат Осипов үш жылға сотталды.
«Мемлекетке төнетін қатерлерді анықтауға тиіс органның басшылығының өзі сол мемлекетке қарсы қылмыстар жасады деген айыппен сот алдында жауап берді. Мұндай ауқымды елестетіп көріңізші», – деп жазады журналист.
Мәсімовке қатысты сот процесі жабық режимде өтті. Сондықтан Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК ішінде нақты не болғаны, жекелеген басшылардың қандай рөл атқарғаны туралы көптеген сұрақ қоғамда әлі де талқыланып келеді.
«Сот үкім шығарды, бірақ қоғамдағы барлық сұраққа жария түрде жауап берілген жоқ. Қаңтар кезінде ҰҚК ішінде нақты не болды? Жекелеген басшылар қандай рөл атқарды? Неліктен ұлттық қауіпсіздік жүйесі осындай жағдайға тап болды? Бұл сұрақтардың бірқатары әлі де ашық күйінде қалып отыр», – дейді автор.
Сағымбаевтың орнына Марат Ирменов келді
Мәсімовтен кейін ҰҚК төрағасы қызметіне Ермек Сағымбаев тағайындалды. Оған Қаңтар оқиғасынан кейін арнайы қызмет жүйесін қайта қалыпқа келтіру және бұрынғы басшылыққа қатысты қылмыстық істердің салдарын еңсеру міндеті жүктелді.
Алайда 2026 жылы 16 қарашада Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды.
Бұл кадрлық өзгеріске Самұрық-Қазына қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларына қатысты операция кезінде жіберілген олқылықтар да себеп болғаны хабарланды. Атап айтқанда, ұсталған кезде оқиға орнын дұрыс қоршау және ақпараттың таралуына жол бермеу талаптары сақталмағаны айтылды.
Асқар Жалдиновтің пікірінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиға орнындағы айғақтарды видеоға түсіріп, желіге тарату арқылы операцияның барысына кері әсер еткен.
«Нәтижесінде күдіктілерді ұстау операциясы дұрыс ұйымдастырылған жұмыстың үлгісі болудың орнына фарс пен комедияға айналды. Қазақстан бүкіл әлемге күлкі болды», – деп жазды журналист.
Ал жаңа төраға Марат Ирменов – арнайы қызмет жүйесінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген кадрлық офицер. Автор оның 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментін басқарғанына ерекше тоқталған.
Жалдиновтің жазуынша, сол күндері Ирменов қызметтік антына адалдық танытып, қару алып, департамент ғимаратын қорғауға және өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысқан. Кейін ол Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментін басқаруға жіберіліп, қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейінгі жағдайды реттеуге қатысқан.
Журналист жаңа басшыға сәттілік тілей отырып, ҰҚК-нің бұрынғы төрағаларының тағдырына назар аудартады.
«Оған сәттілік тілейік. Оның үстіне, бұрынғы басшылардың тарихы бұл қызметте ең маңыздысы – ҰҚК төрағасының кабинетіне дұрыс кіру ғана емес, одан аман-есен шыға білу екенін анық көрсетеді», – деп сөзін түйіндейді Асқар Жалдинов.
Соңғы жаңалықтар