Қазақстан тумасы Ресейде 150 жолаушысы бар ұшақты басып алмақ болғаны туралы ақпарат тарады
Ресейлік БАҚ Волгоград – Мәскеу бағытындағы ұшақта жанжал шығарған жолаушының бұрын сотталған Қазақстан тумасы екенін жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері Волгоград – Мәскеу әуе рейсінің бортында бұзақылық жасаған азаматты ұстаған. Бұған дейін құқық қорғау органдарына әуе кемесін басып алу қаупі туралы хабарлама түскен.
«Волгоград қаласының халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне Мәскеуге ұшуы тиіс әуе кемесін басып алу қаупі төнгені жөнінде ақпарат келіп түсті», – деді Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волк.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер ұшақ бортынан мас күйдегі 42 жастағы Мәскеу облысының тұрғынын ұстады. Ол мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілгенімен, медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан.
Ирина Волктың нақтылауынша, кинологтар ұшақты толық тексеріп шыққан, алайда ешқандай қауіпті зат табылмаған. Әуе бұзақысына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, сот шешімімен ол алты тәулікке қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр.
Ал 112 Telegram-арнасының мәліметінше, осы жағдайға байланысты Мәскеуге бағыт алған рейс екі сағатқа кешіктірілген. Арна ақпаратына сәйкес, оқиға кезінде мас болған 42 жастағы Алексей А. есімді азамат – Қазақстан тумасы.
«Ол бұған дейін ұрлық жасағаны және өлтіремін деп қорқытқаны үшін сотталған», – делінген жазбада.
Соңғы жаңалықтар