Ғани Нығыметов вице-министр қызметіне тағайындалды
Ғани Нығыметов Қазақстанның ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ғани Сақтағанұлы Нығыметов ғылым және жоғары білім вице-министрі болып тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет қаулысымен Гүлзат Көбенова ғылым және жоғары білім вице-министрі қызметінен босатылған еді.
Ғани Нығыметов туралы не белгілі?
Ғани Нығыметов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, АҚШ-тағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтын және Назарбаев Университетін бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Қазақстан жастары конгресінде бастаған.
2007–2009 жылдары Үкімет пен Ұлттық банк жанындағы «Ұлттық талдау орталығында» талдаушы-сарапшы және жоба менеджері болып жұмыс істеген.
2009–2012 жылдары Назарбаев Университетінің Халықаралық ынтымақтастық департаментін басқарды.
2012–2013 жылдары университетке қарасты ғылыми-зерттеу құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған. Атап айтқанда, «Энергетикалық зерттеулер орталығы» жеке мекемесі бас директорының даму жөніндегі орынбасары әрі Ғылым жөніндегі орталық кеңсенің директоры, сондай-ақ «Nazarbayev University Research & Innovation System» жеке мекемесінің бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры болған.
2013–2016 жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті қызметін атқарды.
2016–2017 жылдары «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС атқарушы директоры, ал 2017–2018 жылдары «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС директоры болды.
2018–2020 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін осы бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарған.
2020–2022 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
2022–2023 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2023–2024 жылдары Парламент Сенаты Аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2024 жылдың сәуірінен бастап Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры болып жұмыс істеді.
Соңғы жаңалықтар