Алматыда түнде 10 жүргізуші автожарыс ұйымдастырған
Алматылық полицейлер Рысқұлов даңғылында ұйымдастырылған қауіпті түнгі автожарысқа тосқауыл қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Нәтижесінде 10 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылып, олардың жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта Рысқұлов даңғылы заңсыз жарыс өтетін орынға айналған. Бірнеше автокөлік жоғары жылдамдықпен жарысып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.
Тәртіп бұзушыларды патрульдік полиция экипажы байқап қалған. Ақпарат бірден радио байланысы арқылы басқа жасақтарға беріліп, бірнеше минуттан кейін полицейлер Рысқұлов даңғылының Құдерин көшесінен батысқа қарай орналасқан бөлігінде көліктер легін тоқтатқан.
Жалпы саны 10 автокөлік, оның ішінде бірнеше қымбат көлік тоқтатылды.
«Әрбір жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін, оның ішінде апаттық жағдай туғызғаны және маневр жасау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Барлық көлік арнайы айып тұрағына қойылды», – деп хабарлады полиция.
Соңғы жаңалықтар