Алматыда тұрғын үй кешенінде алапат өрт болды: адам шығыны бар

24.08.2026 13:05 Әсел МҰРАТ
Алматыда тұрғын үй кешенінде алапат өрт болды: адам шығыны бар
172
Фото: видеодан скрин

Алматыда тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде 148 адам құтқарылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қалалық ТЖД мәліметәнше,  23 тамыз күні сағат 22:49-да «101» пультіне Әди Шәріпов көшесі 145 мекенжайындағы 13 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Алғашқы бөлімшелер 5 минутта оқиға орнына жеткен сәтте, екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында кабельдердің, сондай-ақ бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандарының отқа оранғаны анықталды.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Құтқару қалпақтарын пайдалана тұра, баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді.

Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, зардап шеккен адамды құтқарып алу мүмкін болмады.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның шамамен 90 қызметкері мен 25 арнайы техника жұмылдырылды.

Өрттің өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған. Тұрғындардың алдын ала мәліметі бойынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар тарапынан өртке қарсы қызметке дер кезінде хабарлама түспеген.

Бұған дейін өрт-техникалық тексеру нәтижелері бойынша анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде жауапты тұлғаларға нұсқама берілген.
Өрттің шығу себебі анықталуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий