Алматыда жарықтың жаппай өшуіне не себеп болғаны белгілі болды
14 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде электр энергиясының уақытша өшуіне алып келген ірі технологиялық ақау тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
KEGOC мәліметінше, сағат 14:37-де Қырғызстандағы Тоқтоғұл ГЭС-інде екі гидрогенератордың ажыратылуы Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіндегі «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің шамадан тыс жүктелуіне себеп болған. Соның салдарынан Оңтүстік аймақ Қазақстанның БЭЖ-інен және Орталық Азияның біртұтас электр энергетикалық жүйесінен бөлініп қалған.
Оқиғаға байланысты Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарындағы тұтынушылардың электрмен жабдықталуында үзіліс болған. Сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында электр энергиясы уақытша өшірілді.
KEGOC мамандары электрмен жабдықтауды кезең-кезеңімен қалпына келтірді. Сағат 14:47-де Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы тұтынушыларға электр энергиясы толық берілді.
16:26-да Алматы және Жетісу облыстарында, ал 16:34-те Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді.
Технологиялық ақаудың нақты себептері арнайы комиссияның тергеуі барысында анықталатын болады.
Соңғы жаңалықтар