Павлодарда прокуратура қызметкері 60 жастағы әйелді қағып кетті: Жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр

14.08.2026 19:03 Қарақат АСЫЛОВА
Павлодарда прокуратура қызметкері 60 жастағы әйелді қағып кетті: Жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатыр
232
Фото: Newtimes.kz

13 тамызда Павлодар қаласында Нұрмағамбетов пен Камзин көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі NewTimes.kz-ке сілтемемен.

Көлік қағып кеткен 60 жастағы әйел ауыр жарақат алып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Жәбірленушінің немересі Алинаның айтуынша, әжесі жұмыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан. Ол жергілікті базардағы киім дүкенінде жұмыс істейді. Жол апаты дүкеннің маңында болған.

Оқиға кезінде әйелмен бірге жолдан өтіп бара жатқан екі жас жігіт пен қыз да болған. Олар жол-көлік оқиғасына куә болған.

Дәрігерлер әйелдің бас сүйегі сынғанын, басынан ауыр жарақат алғанын, сондай-ақ қабырғасы, жамбас сүйегі мен бұғанасы сынғанын анықтаған. Сонымен қатар оның басында гематома бар. Зардап шегушінің қант диабеті де бар екені айтылды.

«Қазір дәрігерлер ешқандай болжам жасап отырған жоқ. Әжем ауруханада, операция жасалып жатыр. Басында үлкен жара болған. Бас сүйегіне операция қажет болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Солай болды», – деді Алина.

Немересінің сөзінше, алғашқы операциядан кейін әйелдің ішкі қан кетуі басталған. Қазір оның жағдайы ауыр әрі тұрақсыз.

Апаттан кейін көлік жүргізушісі оқиға орнынан кетпей, жедел жәрдем шақырған. Сол сәтте маңайдан басқа жедел жәрдем көлігі өтіп бара жатқан. Медициналық қызметкерлер жолда жатқан әйелді көріп, тоқтап, оны ауруханаға жеткізген.

Жәбірленушінің туыстарында көлік жүргізушісінің кім екеніне қатысты да сұрақтар болған. Кейін тергеушіден жүргізушінің полиция қызметкері емес, прокуратураға қатысы бар адам екенін білген.

Павлодар прокуратурасы аталған ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, олардың қызметкері жол-көлік оқиғасына қатысқан.Оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге қатысты.

Қылмыстық істі Павлодар облысының полиция департаменті тергеп жатыр. Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий