Алматыда жойқын жел: «Шымбұлақта» фуникулер шайқалып, «Медеуде» ағаштар құлады
21 ақпанда Алматы мен оның таулы аймақтарында екпінді жел соғып, қала тұрғындарын әбігерге салды. Әсіресе Шымбұлақ тау-шаңғы курорты мен Медеу маңында жағдай күрделене түскен,деп хабарлайды Politico.kz.
Куәгерлердің айтуынша, қатты жел кезінде канат жолындағы фуникулер қатты шайқалып, кабиналар жан-жаққа тербелген. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда жел екпінінен терезе панельдерінің ұшып кеткені көрінеді. Сол сәтте ішінде адамдар болғаны жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын аңғартады.
Дүлей жел «Медеу» аумағына да әсер етті. Қатты екпін салдарынан ағаштар құлап, олардың бірі жолдың үстіне құлап, «Шымбұлақ» бағытына апаратын жолды уақытша жауып тастағаны хабарланды.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Курорт әкімшілігі әзірге оқиғаға және желіде тараған кадрларға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Алматыдағы аяқ астынан болған бұл табиғи құбылыс тұрғындар мен туристерді алаңдатып отыр. Желдің күші қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар