Астанада «Тез келемін» деп кеткен ана отадан кейін көз жұмды
Астанада көзге жасалған жоспарлы операциядан кейін үш баланың анасы қайтыс болды. Қайғылы оқиға өткен жылдың 31 қазанында елордадағы жекеменшік клиникалардың бірінде болған, деп хабарлайды Politico.kz сайты Alash.kz-ке сілтемемен.
Марқұм Аида Оспанова сол күні небәрі жарты сағатқа созылады делінген отаға барған. Жақындарының айтуынша, отбасы еш қауіп күтпеген. Үйден шығарда үш жасар ұлын қызына аманаттап, «тез келемін» деп кеткен ана балаларымен қайта қауыша алмады.
Туыстарының сөзінше, операция басталардан бір сағат бұрын дәрігерлер қосымша катаракта бар екенін айтып, оны да алып тастауға шешім қабылдаған. Алайда отадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Ол басқа ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Сот-медициналық сараптама өлім себебі ретінде жедел кардиомиопатия мен жүрек-қантамыр жеткіліксіздігін көрсеткен. Бірақ отбасы бұл қорытындымен келіспейді. Олардың айтуынша, марқұмда бұрын жүрек дерті болмаған, отаға дейінгі талдауларында да еш кінәрат анықталмаған.
Марқұмның қыздары құжаттардағы уақыт айырмашылықтары күмән тудыратынын алға тартады. Бір құжатта биологиялық өлім уақыты 16:18 деп көрсетілсе, туыстарына 17:11-де клиникалық өлім туралы хабарланған. Кейбір қағаздарда 16:48 уақыты жазылған.
Ал клиника директоры операция асқынусыз өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, науқастың жағдайы кейіннен нашарлап, жедел жәрдем шақырылған және пациент басқа ауруханаға жеткізілген. Өлім фактісі клиника аумағында тіркелмегені айтылды.
Арада үш ай өтсе де, марқұмның жақындары істің толық ашылмағанын айтып дабыл қағуда. Олар кінәлілер анықталса, тиісті жауапкершілік жүктелуін талап етеді. Артында анасының жолын тосқан үш бала қалды, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін үш жасар сәби бар.
Соңғы жаңалықтар