Алматылық бойжеткен өзіне фельдшер тиісті деп айыптады

15.05.2026 16:02 Әсел Мұрат
Алматылық бойжеткен өзіне фельдшер тиісті деп айыптады
209
Фото: ашық дереккөз

Алматыда жедел жәрдем шақыртуына байланысты дау туындап, пациент фельдшердің тиіскенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қыз болған жайт туралы әлеуметтік желіде жазды

Оқиға неден басталды?

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жазба жариялап, онда жедел жәрдем фельдшерін тексеру кезінде тиісті деп айыптады.

Жарияланым авторының айтуынша, оқиға 2026 жылдың 14 мамырына қараған түні болған. Қыз денсаулығы нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырған.

«Денемді тексеру кезінде фельдшер интимдік жерлерімді ұстады. Мен полиция шақыру үшін телефонымды алғанда, ол оны тартып алып, мені пәтерде күшпен ұстап қалмақ болды», - деп жазды ол.

Тұрғынның мәліметінше, көршілер айқай дыбысын естіп келгеннен кейін ғана жағдай тоқтаған..
Сондай-ақ алматылық қыз полицияға арыз жазғанын хабарлады.

Полиция не дейді?

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеріс бастағанын хабарлады.

«Тексеріс шаралары аясында оқиғаның барлық объективті мән-жайы анықталып, қатысы бар адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі және уәждер расталған жағдайда заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», - деді полиция өкілдері.

Ал жедел жәрдем станциясы не дейді: фельдшердің нұсқасы

Ақпарат тарағаннан кейін Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі болған жайтқа қатысты түсініктеме беріп, фельдшердің нұсқасын ұсынды. 

Алматы жедел медициналық жәрдем станциясы ішкі қызметтік тергеу жүргізді.

«Тексеріс барысында медицина қызметкерінің орынсыз іс-әрекеттері туралы интернетте жарияланған мәліметтер расталмады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Фельдшердің түсініктемесіне сәйкес, шақыртуға келгеннен кейін пациентке бекітілген хаттамалар бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Жедел медициналық жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, медицина қызметкері әйелге ауруханаға жатқызуды да ұсынған, бірақ ол бас тартқан.

«Жүрек патологиясы болу мүмкіндігін жоққа шығару үшін, пациенттің шағымдарын ескере отырып, фельдшер электрокардиография (ЭКГ) жүргізді. Тексерістен кейін мәліметтер тіркелген жері бойынша емханаға берілді», - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі пациенттің мінез-құлқына байланысты медицина қызметкері оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жазғанын айтты.

Сондай-ақ фельдшер жедел жәрдем қызметінде алты жылдан астам уақыт жұмыс істейтіні және бұған дейін оның үстінен пациенттер тарапынан шағым түспегені атап өтілді.

«Фельдшер үйленген және кішкентай бала тәрбиелеп отыр», - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Әлеуметтік желіде айыптау тарағаннан кейін фельдшер өз ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінді.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий