Ақмола облысында жүк пойызы ер адамды қағып өлтірді
Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк пойызы ер адамды қағып, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде тараған ақпарат бойынша машинист теміржол рельсінде отырған ер адамды шамамен 300 метр қашықтықтан байқап, шұғыл тежегішті басқан. Алайда 47 вагоннан тұратын, сағатына 64 шақырым жылдамдықпен келе жатқан ауыр құрамды дер кезінде тоқтату мүмкін болмаған. Алған ауыр жарақаттарынан ер адам оқиға орнында жан тапсырды.
Қайғылы жағдайдан кейін пойыз тоқтатылды. Кейінірек марқұмның Шортанды кентінің тұрғыны екені анықталды. Ер адамның теміржол бойына не себепті шыққаны және пойыздың жақындағаны мен машинистің ескерту белгілеріне қарамастан қауіпті аймақтан неге кетпегені әзірге белгісіз. Бұл мән-жайларды тергеу анықтайтын болады.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар