АҚШ пен Украина Сауд Арабиясында бейбіт келісімге қол жеткізді

АҚШ пен Украина Сауд Арабиясында бейбіт келісімге қол жеткізді
12.03.2025 09:51
0
615
Коллаж POLITICO.KZ
АҚШ Украинаға әскери көмекті қайта жалғастырады

Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен Украина мен АҚШ арасындағы келіссөздер нәтижесінде АҚШ Украинаға әскери көмекті қайта бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ POLITICO басылымына сілтеме жасап.

АҚШ пен Украина делегацияларының Джидда (Сауд Арабиясы) қаласындағы кездесуінен кейін жарияланған бірлескен мәлімдемеге сәйкес: АҚШ барлау мәліметтерімен алмасуды уақытша тоқтату шарасын дереу алып тастап, Украинаға әскери көмекті қайта ұсынады.

Бұған жауап ретінде Украина АҚШ-тың 30 күнге созылатын уақытша бітімді дереу енгізу туралы ұсынысын қабылдауға келісті. Бұл бітім өзара келісім негізінде ұзартылуы мүмкін және Ресейдің мақұлдауы мен бір мезгілде орындауына байланысты күшіне енеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Tesla автокөліктерін таныстыруға арналған шарада сөйлеген сөзінде атысты тоқтату бастамасына тоқталып:

«Украина келісті, енді Ресей де келіседі деп үміттенемін», – деді.

Ол сөзін:

«Мен Владимир Путинмен сөйлесемін. Себебі тангоны екеу болып билейді ғой», – деп толықтырды.

Джиддада сөз сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздерді ұйымдастырғаны үшін Сауд Арабиясына алғыс білдіре отырып, ендігі шешім Ресейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ресей АҚШ пен Украинаның атысты тоқтату шарттарын қабылдап, соғыс қимылдарын аяқтауға алып баратын «нағыз келіссөздерге» көшуі керек.

«Енді бұл ұсынысты ресейліктерге табыстаймыз. Олардың «иә» деп, бейбітшілікті таңдағанын қалаймыз. Барлығы өз қолдарында», – деді Рубио және келіссөздердің сәтті өтуіне АҚШ президенті Трамптың қосқан үлесін ерекше атап өтті. «Президенттің басты мақсаты – соғысты тоқтату. Бүгін Украина соған нақты қадам жасады. Енді Ресей де осылай етуі керек».

Майк Уолтц та алдағы күндері «шаттл дипломатиясы» жалғасатынын, өзі де ресейлік әріптесімен тікелей келіссөз жүргізетінін айтты. Ал Марко Рубио Ресеймен диалог дәстүрлі дипломатиялық арналар арқылы, «келіссөздер мен өзге де тәсілдер» арқылы жалғасатынын нақтылады.

АҚШ пен Украина қарым-қатынастары Трамп Украинаға әскери көмек пен барлау мәліметтерімен алмасуды тоқтатқаннан бері шиеленісіп қалған еді.

Сол үзілістен кейін Киев АҚШ-пен байланысын барынша тез қалпына келтіруге тырысты. Себебі Украина үшін шешуші маңызы бар қолдауды қайтару және басты одақтасынан қолдау алу өте маңызды болды.

Трамп пен Зеленский арасындағы қарым-қатынас жайлы сауалға жауап берген Марко Рубио, тараптардың бейбітшілік жолында бірлесіп қадам жасап жатқанын айтып, бірақ қос лидердің жеке байланысы жайлы пікір білдіруден бас тартты.

«Мұның бәрі өте маңызды, түсінесіздер ме? Бұл – жай бір ток-шоу немесе «Өсекші қыздар» (Mean Girls) фильмінің эпизоды емес. Бұл – аса маңызды мәселе», – деді Рубио. «Бұл соғыста адамдар қаза тауып жатыр. Кеше де қаза тапты. Егер бүгін түнде бітімге қол жетпесе, ертең де адамдар ажал құшуы мүмкін. Президент мұның тоқтағанын қалайды. Бұл – оның басты мақсаты. Сол үшін де біз осындамыз».

Келіссөздерге бір күн қалғанда, дүйсенбі кешінде, Рубио Украинаны қолдауды қалпына келтіру мәселесі келіссөздердің нәтижесіне байланысты болуы мүмкін екенін меңзеп:

«Біз бұл бағытта жағымды жаңалықтар жариялауымыз ықтимал», – деген. Бірақ Украинадағы соғысты аяқтау туралы кез келген келісім үшін белгілі бір аумақтардан бас тарту талап етілуі мүмкін екенін айтқан.

Ал бүгінгі кездесу басталмай тұрып, Рубио «бейбітшілікке жету үшін Украина аумақтық ымыраға келуі керек» деп мәлімдесе де, келіссөздер барысымен таныс украиналық шенеунік POLITICO басылымына бүгінгі отырыста аумақтық компромис туралы мүлде сөз болмағанын жеткізді.

Киев делегациясының мүшесі әрі Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Дарья Заривна Украинаның:

«біз бейбітшілікті бәрінен қатты қалайтынымызды дәлелдедік. Соғысты тоқтату үшін нақты қадам жасап жатырмыз. Ресей де дәл солай істеуі керек», – деп мәлімдегенін хабарлады.

Сауд Арабиясындағы делегациялар кездесуі басталмай тұрып, Украина Мәскеуге қарсы соғыс басталғалы бері ең ауқымды дрон шабуылын ұйымдастырып, Мәскеуді нысанаға алды.

«Бүгін Ресейдің — Мәскеудің өзіне, әуежайларға және басқа да нысандарға жасалған дрон соққылары – Путинге берілген белгі. Украина ұсынатын атысты тоқтату келісіміне оның да мүдделі екенін көрсетуге талпыныс. Бұл тек мұнай өңдеу зауыттарымен шектелмейді», – деді Украина Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Андрей Коваленко видеоүндеуінде.

Ал осы уақытта, сейсенбі күні, НАТО-ға мүше 30 елдің басшылары Парижде – АҚШ-тың қатысуынсыз – кездесіп, Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру және Киевке қолдауды күшейту мәселелерін талқылауға дайындалды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен Франция президенті Эмманюэль Макрон «ниеттілер коалициясын» құрып, егер бейбіт келісімге қол жеткізілсе, Украинаға бітімгершілік әскерімен қолдау көрсетуге шақырды.

Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) жазба қалдырып:

«Біз Джиддадағы АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздердің нәтижесі – атысты тоқтату туралы ұсыныс пен АҚШ-тың барлау мәліметтерімен алмасуды, әскери көмекті қайта бастауы жайлы жағымды жаңалықты құптаймыз. Бұл – жан-жақты, әділетті және берік бейбітшілікке апаратын маңызды қадам», – деп бағалады.

Польша премьер-министрі Дональд Туск та X желісінде:

«АҚШ пен Украина бейбітшілікке жету жолында маңызды қадам жасағандай. Ал Еуропа оларға көмектесуге дайын», – деп жазды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий