"Ақша бағы": Жандар Омаровтың ісі сотқа өтті
Шымкентте алма бағын дамытуға бөлінген жүздеген млн теңгені жымқырды деген күдікпен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бұрынғы төрағасы Жандар Омаров қамауға алынып, ісі сотқа өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Тергеушілердің дерегінше мемлекеттік бағдарлама дайын инфрақұрылымы бар жерді кәсіпкерлерге лизингке беруді көздеген. Бірақ қордың бұрынғы басқарма төрағасы Жандар Омаров «Green Mart Kazakhstan» серіктестігі сияқты өзіне таныс ұйымдарды тартып, бюджеттің ақшасын жымқыру схемасын құрған.
Олар тауарлар мен жұмыстарды ешқандай бәсекелестіксіз бір көзден сатып алып отырған. Жабдықтар мен құрылыс жұмыстарының бағасын қолдан өсіріп, ал кейбір жұмыстарды мүлдем істемеген. Соған қарамастан жалған құжаттар толтырылып, мемлекеттің ақшасы аударылып келген. Салдарынан қазына 430 млн теңгеден астам шығынға батты.
Бұдан бөлек олар агроөнеркәсіпті қолдау үшін берілетін инвестициялық субсидияны да заңсыз алған. Осы мақсатта арнайы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, жалпы сомасы 327 млн теңгеден астам ақшаға қол жеткізген. Алайда бұл қаражаттың тек 20 пайызы ғана алма бағына жұмсалып, қалған 250 млн теңгеден астамын сенімді адамдары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қазіргі уақытта сот құны 1 млрд теңгеден асатын 108 гектар жерге тыйым салды. Күдікті Жандар Омаров қамауға алынып, іс сотқа жолданды.
Еске сала кетейік, бұған дейін осы қылмысқа қатысы бар қордың бұрынғы басқарушы директоры Мұрат Ысқақов пен «Green Mart Kazakhstan» басшысы Руслан Сазынбек 8 жылға сотталып, олардың 4 көлігі тәркіленген болатын.
Соңғы жаңалықтар