Ақтау маңындағы AZAL ұшағы апаты: Ресей мен Әзербайжан мәслені қалай реттеді?

15.04.2026 17:41 Әсел Мұрат
Ақтау маңындағы AZAL ұшағы апаты: Ресей мен Әзербайжан мәслені қалай реттеді?
380
Фото: ашық дереккөз

Ресей мен Әзербайжан 2024 жылы желтоқсанда Ақтау маңында AZAL әуе компаниясының ұшағының апатына қатысты мәселені реттеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Екі елдің сыртқы істер министрліктері таратқан бірлескен мәлімдемеде Ресей Федерациясы мен Әзербайжан Республикасының президенттері 2025 жылы 9 қазанда Душанбеде қол жеткізген келісімдерге сәйкес, тараптар Embraer 190 ұшағы апатының салдарын, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесін, тиісті деңгейде реттегені атап өтілген.

Мәлімдемеде сондай-ақ AZAL әуе компаниясына тиесілі әуе кемесінің құлауына «Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің абайсыз әрекеттері» себеп болғаны көрсетілген.

«Қабылданған шаралар одақтастық өзара іс-қимыл аясында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты дәлелдейді. Ресей-Әзербайжан қатынастарының өзара құрмет, сенім және тараптардың мүдделерін ескеру негізінде дәйекті түрде дамуы алдағы уақытта да тату көршілік байланыстарды нығайтып, екі ел халықтарының игілігі үшін ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдіреміз», — делінген бірлескен мәлімдемеде.

Тараптар әуе апаты салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ осы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына тағы да көңіл айтты.
2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам (оның ішінде 3 экипаж мүшесі) қаза тауып, 29 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. 

Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Көлік министрлігі Embraer 190 ұшағына қатысты қайғылы оқиғаны тергеу барысы жөнінде аралық есеп жариялаған болатын.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий