Ақтөбеде 12 адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот шешімі шықты

29.12.2025 18:14 Арман Ермеков Арман Ермеков
Ақтөбеде 12 адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот шешімі шықты
0
492

Ақтөбеде 12 адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Orda.kz басылымына сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты «Самара – Шымкент» тасжолында орын алған ірі жол-көлік оқиғасы бойынша үкім шығарды. 12 жолаушының ажалына себеп болған оқиғаға қатысты іс айыпталушының өмірден озуына байланысты тоқтатылды.

Сот отырысы Әйтеке би ауданымен онлайн форматта өтіп 10 томдық қылмыстық іс қаралды. Тергеу деректеріне сүйенсек апатқа DAF жүк көлігін тізгіндеген Өзбекстан азаматы Зухриддин Калилов кінәлі деп танылған. 31 жастағы жүргізуші Хромтаудан Қарабұтаққа қарай сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүйткіп жол ережесін өрескел бұзған. Прокурор Елдар Әбиевтің айтуынша марқұм ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігіне сай абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет жасаған.

Мемлекеттік қорғаушы күдіктінің қаза болуына байланысты істі қысқартуды сұрады. Алайда жақынынан айырылып жаны күйген жәбірленушілер тек жүргізушіні ғана емес автобус иесін де жауапқа тартуды талап етті.

«Күйеуім әлі есін жиған жоқ, бір ай бойы комада жатты. Жағдайы өте ауыр. Бес балам бар, өзім жұмыссызбын. Отбасымыздың жалғыз асыраушысы төсек тартып қалды. Жолдасыма ұзақ мерзімді емделу қажет. Мен енді кімге шағымданамын?», – деді жәбірленуші Ақнұр Егізбаева.

Судья Алтынбек Сабыров істі өндірістен тоқтату туралы үкім шығарып көліктерді заңды иелеріне қайтарды. Сонымен қатар сот Ақтөбе облыстық полиция департаментіне қатысты жекеше қаулы шығарды. Анықталғандай тергеуші Тәжікен қызметіне салғырт қарап заң талаптарын сақтамаған. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес айыпталушы қайтыс болған жағдайда іс сотқа жетпей-ақ тергеу сатысында тоқтатылуы тиіс еді. Бірақ полицейлер бұл талапты елемей айыптау актісін жасап жіберген.

Еске салайық қазан айының 23-і күні Белқопа ауылының маңында болған сұмдық апатта 3 және 9 жастағы бүлдіршіндерді қосқанда 12 адам тіл тартпай кеткен болатын. Бетпе-бет соққының күшті болғаны соншалық қос жүргізуші де сол жерде жан тапсырған. Кейін апатқа байланысты үкіметтік комиссия құрылған болатын. Таңқаларлығы жантүршігерлік апаттан аман қалған алты жолаушының барлығы шағын автобустың оң жағында отырған болып шықты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий