Ақтөбеде танысын өлтіріп, сөмкеге салынған мәйітті қоқысқа тастаған ер адам сотталды
Ақтөбе қаласында қоғам назарын аударған адам өлтіру ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Танысын өлтіріп, мәйітін үлкен сөмкеге салып, мектеп маңындағы қоқыс алаңына тастаған 62 жастағы ер адам 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 21 ақпанда болған. Айыпталушы танысымен бірге өз үйінде алкогольдік ішімдік ішкен. Біраз уақыттан кейін олардың арасында жанжал туындап, ер адам қонағына бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Үш күн өткен соң сотталған азамат мәйітті үлкен сөмкеге салып, қаладағы мектептердің бірінің маңындағы қоқыс алаңына апарып тастаған. Марқұмның денесін 11 наурыз күні аула тазалаушы тауып, құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол жәбірленуші тарапқа 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сот отырысында айыпталушы тағылған айыпты мойындамай, әрекетін өзін-өзі қорғау мақсатында жасағанын алға тартты.
Соңғы жаңалықтар