Әскери ант кезінде сарбаз есінен танып қалды: атышулы видеоға қатысты министрлік мән-жайды айтты

Әскери ант кезінде сарбаз есінен танып қалды: атышулы видеоға қатысты министрлік мән-жайды айтты
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желіде әскери ант қабылдау рәсімі барысында сарбаздың кенеттен өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған сәті түсірілген видео тарады. Кадрлардан оны оқиға орнынан жедел жәрдем көлігі алып кеткенін байқауға болады. Аталған жазбаға қатысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, желі қолданушыларын алаңдатқан бұл бейнежазба 2024 жылы түсірілген. Оқыс жағдай Аягөз гарнизонында өткен салтанатты ант қабылдау шарасы кезінде болған. Министрлік өкілдері бұл оқиғаның мән-жайы бұған дейін де ресми түрде түсіндірілгенін атап өтті.

«Әскери қызметшінің жағдайының күрт нашарлауына қатты қобалжып, толқуы себеп болған. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ. Сарбазға сол сәтте уақтылы әрі толық көлемде медициналық көмек көрсетілді», – делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Қорғаныс ведомствосы әскери қызметшінің кейінгі тағдырына қатысты да ақпарат берді. Мәліметке сәйкес, аталған сарбаз денсаулығына еш кедергісіз мерзімді әскери қызметтің белгіленген уақытын толық өтеп, Қарулы күштер қатарынан запасқа шығарылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу