Астанадағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі балаларды ұрған (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде тәрбиешінің кішкентай балаларға күш қолданып, дөрекілік танытқан сәті бейнеленген видео тарап, көпшіліктің ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана полиция департаментінің мәліметінше, балаларға қол көтерген әйелдің кім екені анықталды. Ол түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Аталған жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Тәртіп сақшылары тексеру барысында бұл бейнежазбаның 2025 жылдың қазан айында түсірілгенін нақтылады.
«Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру кезінде бейнежазбаның 2025 жылдың қазан айында түсірілгені анықталды. Полиция қызметкерлері түзету балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып істеген әйелдің кім екенін анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді», – деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар полиция зардап шеккен балалардың ата-аналарын да анықтады.
Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар