«Атымды кірлетуге жол бермеймін»: Михаил Шайдоров жалақы дауы туралы өткір мәлімдеме жасады
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақысының кешігуі мен келісімшартқа қатысты мәселелер бойынша спорт министрлігінің түсініктемесіне жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Михаил Шайдоров Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға, әлеуметтік желілерде пікір жазып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жолдаған барша жанға шынайы алғысын жеткізді. Спортшы сондай-ақ мемлекеттік органдармен «ұстасқысы келмейтінін», алайда өз атының «қаралануына жол бере алмайтынын» айтты.
«Мен мұның бәрін өте жоғары бағалаймын. Жалған ақпараттың жетегінде кетпегендеріңіз үшін рақмет. Кейбір мәселелерді көпшілік алдында айтпайынша шешу мүмкін болмай жатқаны өкінішті. Ешқандай мемлекеттік органмен немесе басқа да құрылымдармен текетіреске барғым келмейді. Алайда өз атымның негізсіз қараланып, беделіме нұқсан келтірілуіне жол бере алмаймын», – деп жазды Михаил Шайдоров Threads парақшасында.
Спортшының айтуынша, ол 2025 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алып, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағына қойылатын талаптарды толық орындағанымен, бүгінге дейін тиісті куәлігін алмаған.
«Мәселенің мән-жайын нақтылап өткім келеді. Иә, бүгінгі күнге дейін маған еңбек сіңірген спорт шебері куәлігі табысталған жоқ. Мен бұл нормативті 2025 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған кезде орындадым. Қажетті рәсімдердің барлығынан өттім, бірақ куәлікті әлі алған жоқпын. Маған қызыл кілем төселген салтанатты рәсімнің қажеті жоқ, куәлікті пошта арқылы конвертпен де қабылдауға дайынмын. Бұл куәлік – он жылдық еңбегімнің нәтижесі, менің жетістігім әрі мұрам», – дейді Шайдоров.
Сонымен қатар оған Олимпиададағы жеңісі үшін қарастырылған сыйақы да әлі төленбеген.
«Олимпиада ойындарындағы жетістігім үшін берілетін сыйақыға қатысты айтар болсам, бұл рәсімнің белгілі бір уақытты қажет ететінін түсінемін және осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанына сенімдімін. Сондықтан бұл мәселеге қатысты менің ешқандай наразылығым жоқ», – деді спортшы.
Михаил Шайдоров жалақының кешігуіне байланысты жағдайды да түсіндірді. Оның сөзінше, еліміздің өзге де жоғары дәрежелі спортшылары сияқты, ол федерация мен Спортты дамыту дирекциясы арқылы жалақы алады.
«Федерациямен келісімшарт жасалған. Алайда маған берілген мәліметке сәйкес, төлемдердің кешігуіне Спортты қолдау қорының қаржыландыру жөніндегі өтінімді қарастыруы себеп болып отыр. Соның салдарынан соңғы бес ай бойы мен де, менің командам да жалақы алмай келеміз. Ал Спортты дамыту дирекциясы маған тек қаңтар айындағы және 2026 жылдың 22 ақпанына дейінгі кезеңнің еңбекақысын төледі», – деді ол.
Спортшының айтуынша, 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау үшін өзімен және командасымен тек мамыр айының ортасында ғана байланысқа шыққан. Бұл жайтты ол сақталған хат-хабарлар арқылы дәлелдей алатынын айтты.
«Келісімшарттың әлі келісілмеуі менің ұсынылған қаржы көлемімен келіспеуіме немесе кездесуден бас тартуыма байланысты емес. Өкінішке қарай, кейбір ақпарат көздерінде жағдай басқаша көрсетілуде. Мәселен, 2026 жылдың соңына дейін күшінде болатын келісімшартта 2030 жылғы Олимпиада ойындарында жүлде алу міндеттемесі көрсетілген. Бұл талап қисынға келмейді, өйткені 2030 жылғы Олимпиада әлі төрт жылдан кейін өтеді, ал мен 2026 жылы оның нәтижесіне жауап бере алмаймын», – деп түсіндірді чемпион.
Оның айтуынша, аталған тармақты қайта қарауды сұрағанымен, бүгінгі күнге дейін бұл мәселе бойынша ешкім хабарласпаған.
«Қалыптасқан жағдайға қарап, төлемдер мен келісімшарт рәсімдеу үдерістері және басқа да мәселелер әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан бұл туралы ашық айтуға мәжбүр болдым. Мен үшін ақша ең басты құндылық емес, оны кейін де табуға болады. Мен тек өзіме берілген уәделердің орындалғанын қалаймын. Бірақ ақпан айынан бері тіпті жеке дәрігерім де жоқ. Кейбіреулер мені бұл мәселені жария түрде көтергенім үшін сынап жатыр. Алайда бұл тақырыпты әдейі қозғау үшін сұхбат берген жоқпын. Маған сұрақ қойылды, мен болған жағдайды жасырмай, шындықты айттым. Өтірік айту менің табиғатыма жат», – деді Михаил.
Ол сондай-ақ қаржыландырудың болмауына байланысты алдағы оқу-жаттығу жиындарына дайындық жұмыстарын бастай алмай отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, жол шығындары, жиындарды өткізу және дайындық бағдарламасын жүзеге асыру шығындары өтеле ме, жоқ па – бұл жөнінде нақты жауап берілмеген. Егер Олимпиададағы жеңісі үшін қарастырылған сыйақыны алатын болса, бұл шығындарды өз мойнына алуға дайын екенін де атап өтті.
Мәнерлеп сырғанаушы сөз соңында министрлік бес ай бойы кешіктірген жалақысын толық берсе, түскен қаражаттың барлығын Балаларды қорғау күніне орай қайырымдылыққа және мұқтаж балаларға көмек көрсетуге аударатынын айтты.
«Әр адам өз міндетін адал атқаруы тиіс деп санаймын. Менің жұмысым – күніне үш мәрте жаттығу өткізіп, спорттық нәтижеге қол жеткізу. Қазіргі таңда дәл сонымен айналысып жүрмін. Егер маусымға арналған толыққанды қаржыландыру бөлініп, барлық дайындық пен оқу-жаттығу жиындары қамтамасыз етілетін болса, онда төленбей қалған барлық жалақымды Балаларды қорғау күні қарсаңында балаларды қолдау мен көмек көрсетуге бағыттаймын. Бұл менің және маған сенім артып, қолдау білдіріп жүрген барлық қазақстандықтардың атынан жасалған сыйлық болсын», – деп сөзін қорытындылады Михаил Шайдоров.
Соңғы жаңалықтар