Атырау облысында 14,7 млрд теңгеге салынған жолды қайтадан құм басты (ВИДЕО)

09.09.2026 18:10 Қарақат АСЫЛОВА
Атырау облысында 14,7 млрд теңгеге салынған жолды қайтадан құм басты (ВИДЕО)
111
Видеодан кадр

Атырау облысының Қызылқоға ауданында Миялы мен Тайсойған ауылдарын байланыстыратын жаңа автожолды бархан құмы қайта басып қалды, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Ұзындығы 45,8 шақырым болатын жолдың құрылысы 2023 жылдың күзінде басталған. Жоба құны бастапқыда 14,7 млрд теңге деп белгіленген. Жаңа трасса Тайсойған тұрғындары үшін маңызды нысан саналады. Бұған дейін ауылдан аудан орталығына жетуге 2-3 сағат кетсе, жаңа жол бұл уақытты шамамен 40 минутқа дейін қысқартуы тиіс еді.

Алайда жолдың Тайсойған құмдарының арасынан өтуі мәселеге айналып отыр. Қатты жел көтерген жылжымалы құм қайта-қайта асфальтқа шығып, кей жерлерде жолдың едәуір бөлігін жауып қалған.

Бұл аумақта құм көшкіні мен бархандардың болуы бұрыннан белгілі. Атырау облысында мұндай құбылыспен күресу үшін сексеуіл және басқа да өсімдіктер отырғызылып, құмның қозғалысын тежеуге арналған табиғи бөгеттер жасалады. Тайсойған аумағында да осындай жұмыстар жүргізілген.

Дегенмен жаңа жолдың жағдайы оның жобалану кезінде құм басу қаупі қаншалықты ескерілген деген сұрақ туындатады. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттамада жолды бархан құмынан қорғаудың қандай шаралары қарастырылғаны да қызығушылық тудырады.

Бұған дейін де құм жолды басып қалған. Осыған байланысты облыстық жол басқармасы мердігер «АссанаДорстрой» ЖШС-не трассаны тазалап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған.

Жол тазартылғанымен, мәселе уақытша ғана шешілген. Арада көп өтпей жел қайта соғып, құм жаңадан төселген асфальтқа қайта шыққан.

Енді мамандарға жолды құм басудан тұрақты қорғаудың тиімді жолын табу қажет болып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий