Аягөзде сарбаз менингиттен қайтыс болды – госпиталь дәрігері жазадан босатылды

06.04.2026 09:58 Әсел Мұрат
Аягөзде сарбаз менингиттен қайтыс болды – госпиталь дәрігері жазадан босатылды
183
Фото: ашық дереккөз

Абай облысында менингиттен қайтыс болған мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Госпиталь дәрігері екі жылға сотталды, алайда сот залында оған рақымшылық жасалды 

Істің мән-жайы

2025 жылы 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған сарбаз 16 мамырда денсаулығының нашарлауы мен дене қызуының көтерілуіне шағымданып, Аягөз әскери госпиталіне түскен. Тексеруден кейін дәрігерлер ем тағайындайды.

Бірақ сарбаздың жағдайы тек нашарлай берген. Кейін ол аудандық орталық ауруханаға ауыстырылып, 19 мамырда жансақтау бөлімінде көз жұмды. 20 жастағы әскери қызметшінің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Сот кабинеті" мәліметінше, Аягөз әскери госпиталі емхана бөлімшесінің 38 жастағы бастығы жауапқа тартылды. Ол Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі "Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталды.

Сотта медицина қызметкері госпитальға түскен кезде әскери қызметшінің тамағы қызарып, аздап жөтеліп, дене қызуы төмен болғанын айтты. Сарбаз денсаулығының нашарлауын ант қабылдауға дайындық кезінде алаңда күн өтумен байланыстырған. Дәрігер оған жедел назофарингит диагнозын қойып, ауруханаға жатқызды.

«17 мамырда таңертең сарбаздың жағдайы нашарлап, дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтерілген, қан қысымы 80/50-ге дейін төмендеп, құсып, жөтел пайда болған. Алайда сотталушы қайта тексеру кезінде емді өзгертпеген, оның жағдайының ауырлығын жете бағаламай, уақтылы бейінді стационарға жібермеген», - делінген «Сот кабинетіндегі» материалдарда.

Сол күні кешке қарай сарбаз Аягөз аудандық орталық ауруханасына жеткізілген, бірақ 18 мамырда таңертең ғана жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Медицина қызметкері өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Сотта ол емдеу хаттамасына сәйкес әрекет еткенін және пациентке көмектесу үшін барлық шара жасағанын алға тартты.

Сараптама не көрсетті?

Сот-медициналық сараптама өлімге екі жақты іріңді отиттен кейін дамыған, ми ісінуімен, сепсиспен, тромбоцитопениямен және бүйректің уытты зақымдануымен асқынған іріңді менингит себеп болғанын көрсетті. Іс материалдарында дәрігердің ауру белгілерін тани алмағаны, қате диагноз қойып, пациентті менингококк инфекциясына тексермегені айтылған.

Сарапшылардың қорытындысы бойынша, егер 16 мамырда диагноз дұрыс қойылып, емдеу уақтылы басталғанда, жігіт аман қалуы мүмкін еді.

Сарбаздың туыстары не дейді?

Әскери қызметшінің ата-анасы сотта оның әскерге аттанар алдында толық медициналық тексеруден өтпегенін айтты. Олардың сөзінше, 2025 жылғы 22 сәуірде әскери комиссариат қызметкерлері келіп, әскерге шақыру туралы хабарлаған, келмеген жағдайда айыппұл салынатынын ескерткен.

«Сот кабинетінде» көрсетілген іс материалдарына сәйкес, жазадан қорыққан ата-анасы 23 сәуірде ұлымен бірге әскери комиссариатқа келген, ал кешке оны қызмет орнына жіберген. Жас жігіттің анасы ұлымен соңғы рет 14 мамырда сөйлескенін, ол кезде баласы денсаулығына шағымданбағанын айтты.

Сот шешімі

Семей гарнизонының әскери соты сотталушыны кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырып, дәл осындай мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын кесті. Алайда айыпталушы рақымшылыққа ілікті.

Үкімде сот қылмыстың жеңіл дәрежелі санатқа жататынын ескергені, сондай-ақ сотталушының үш баласы бар екенін анықтағаны және істі ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы айтылған.

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған адамнан жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам моральдық зиян, материалдық шығын және өкілдік шығындарды өндіру туралы қаулы етті.

Еске сала кетейік, сарбаз өлімінің осыған ұқсас фактісі Шымкентте де тіркелген болатын. Ұлттық ұлан баспасөз қызметі мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда Тараздан шақырылған әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Алдын ала диагноз ретінде жедел лейкоз аталды.

Әскери қызметшінің бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгені, қалалық емдеу мекемелерінде бақылауда болып, тексеруден өткені айтылды. Сарбаздың өліміне байланысты әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий