Әйелдің киімін киіп, балалармен сөйлескен: Қарағандыда 56 жастағы тиктокер ұсталды

21.08.2026 18:15 Қарақат АСЫЛОВА
Әйелдің киімін киіп, балалармен сөйлескен: Қарағандыда 56 жастағы тиктокер ұсталды
187
Фото: Politico.kz

Қарағандыда 56 жастағы ер адамның әлеуметтік желідегі әрекеті ата-аналардың шағымынан кейін полиция назарына ілікті, деп хабарлайды Politico.kz.

Ер адам TikTok-та әйелдердің киімін киіп, парик тағып, түрлі видеолар жариялаған.

Полицияның мәліметінше, ол әлеуметтік желіде тікелей эфирлер өткізіп, бейнероликтер түсірген. Сонымен қатар балалармен сөйлесіп, олармен танысуға тырысқан. Бұл жағдай ата-аналардың алаңдаушылығын туғызып, құқық қорғау органдарына жүгінуге себеп болған.

Ата-аналардың шағымынан кейін полиция қызметкерлері ер адамды анықтап, бөлімшеге жеткізген. Оған құқыққа қайшы контент жасауға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша шара қолданылды.

Сот шешімімен Қарағанды тұрғыны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, оған ресми ескерту жасалды.

Полицияның хабарлауынша, ер адам кейін әлеуметтік желілердегі барлық аккаунттарын өшірген. Қазір ол полицияның бақылауында. Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, егер ер адам ресми ескерту талаптарын қайта бұзса, оған бұдан да қатаң шара қолданылуы мүмкін. Қайталанған жағдайда жауапкершілік қылмыстық сипатқа дейін күшеюі ықтимал.

Құқық қорғау органдары мұндай жағдайларға ата-аналардың дер кезінде хабарласуы маңызды екенін атап өтті. Полиция әлеуметтік желілердегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты шағымдарды тексеруді жалғастыратынын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий