«Әйелімнен жұмыс істеуін өтіндім»: Базарбек жалақысы жетпейтінін айтты
Депутат Бақытжан Базарбек жалақысының жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін Парламент кулуарында журналистер Бақытжан Базарбектен Парламент депутаттарына «қазіргі жалақы жете ме?» деп сұраған.
«Қазіргі жалақы жетпеуі мүмкін. Өздеріңіз қараңыздар, 500, 700, 800 мың кімге жетеді? Әсіресе, отбасында 5-6 бала болса. Кейбір депутаттарымыздың 5-6 баласы бар», - деді мәжілісмен.
Бақытжан Базарбек журналистерге өзі 900 мың теңгеден аса жалақы алатынын айтты. Сонымен қатар Базарбек қазіргі жалақының өзіне жеке жеткіліксіз екенін мойындады. Сондықтан жұбайынан жұмыс істеуін сұрапты.
«Жеке маған жетпейді. Сондықтан жұбайымнан да жұмыс істеуін өтіндім,», - деді ол.
Депутат мұны балаларға кететін шығындармен, үйірмелер ақысы мен бағаның өсуімен түсіндірді.
«Баланы балабақшаға апару, үйірмелерге қатыстыру, киіндіру - соның өзіне 300 мың кетеді. Ал азық-түлік бағасының өсіп жатқанын ескерсек, миллион теңге де жетпейді», - деді депутат.
Соңғы жаңалықтар