"Айқайсыз шусыз келісеміз": Лукашенко Зеленский, Трамп және Путинді Беларуське шақырды

Беларусь президенті Александр Лукашенко Украина, АҚШ және Ресей президенттерін Минскіде бейбіт келіссөздер өткізуге шақырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ «Белта» агенттігіне сілтеме жасап.
Лукашенконың айтуынша, келіссөздерге Зеленский, Путин және Трамп қатысуы тиіс, өйткені Украинадағы жағдайды тек дипломатиялық жолмен реттеуге болады.
«Зеленскийге қысым жасаудың қажеті жоқ. Онымен келісу керек, өйткені оның артында Украинаның көп бөлігі тұр. Келіссөздер жүргізу қажет. Келгілеріңіз келсе – есігіміз ашық. Минск Киевтен 200 шақырым ғана қашықта орналасқан, жарты сағатта ұшып келуге болады. Осы жерде тыныштықта, айқай-шусыз келісімге келеміз. Трампқа жеткізіңіздер: мен оны осында күтемін, Путин мен Зеленскиймен бірге отырып, ақылға қонымды шешім табамыз», – деді Лукашенко.
Сондай-ақ, Лукашенко АҚШ пен Ресей арасындағы одақтастық мүмкін екенін және оның маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы серіктестік жаһандық тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
«Ресей мен АҚШ-тың одақтастығы әлемдік тұрақтылық үшін маңызды. Егер осындай ынтымақтастық орнаса, біз Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстардан құтылып, экономикалық өсуді қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.
Лукашенко 27 ақпанда Ресейге сапар жасап, Владимир Путинмен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
Беларусь билігі Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын ашық қолдап, өз аумағынан Ресей әскерінің шабуыл жасауына мүмкіндік бергені белгілі. Украина Беларусьпен шекарасын жауып, сауда қатынастарын тоқтатты және белорус шекарасында қорғаныс шараларын күшейтті.
Биылғы қаңтар айында Лукашенко Беларусь бітімгерлерінің Украинадағы жағдайды реттеуге көмектесуге дайын екенін айтып, Минскті келіссөздер алаңы ретінде қарастыруды ұсынған болатын.
Соңғы жаңалықтар





