“Балаларымыз үшін қорқамыз”: Құлсарыда су басқан үйлерді енді жылан жайлады

05.08.2026 18:15 Қарақат АСЫЛОВА
“Балаларымыз үшін қорқамыз”: Құлсарыда су басқан үйлерді енді жылан жайлады
212
Фото: Ақ Жайық

Құлсары қаласының «Атырау» шағынауданындағы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үш көпқабатты үйдің тұрғындары жертөледе жыландардың пайда болғанына алаңдаулы, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Ақ Жайыққа сілтемемен.

Айтуларынша, бұл үйлер өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде екі айға жуық уақыт бойы суда қалған. Су қайтқаннан кейін жертөле тазартылғанымен, ылғал толық кетпеген. Соның салдарынан алдымен сасық иіс пен тышқандар пайда болса, енді тұрғындар жертөледен жылан шыққанын айтып отыр.

Тұрғындардың сөзінше, олар жыланның бірін суретке түсіріп үлгерген. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт мәселені жауапты мекемелер шұғыл шешуі тиіс деп есептейді.

Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғындардың өтінішінен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі барып, анықталған жыланды жойғанын мәлімдеді. Дегенмен, бөлім басшылығы жертөле көпқабатты үйдің ортақ мүлкі болғандықтан, оны күтіп-ұстау мен тазалау тұрғындардың міндетіне кіретінін айтып, бұл жұмыстарды жүргізуді жоспарламайтынын жеткізді.

Қазіргі таңда тұрғындар мен жергілікті билік мәселенің кімнің жауапкершілігінде екені жөнінде ортақ келісімге келе алмай отыр. Ал тұрғындар жертөледе тағы да жыландар пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий