«Баланың аузынан жырып жеу – масқара!»: Әбенов шенеуніктердің жәрдемақыны қысқарту жоспарына шүйлікті

05.10.2026 • 13:16 Әсел МҰРАТ
«Баланың аузынан жырып жеу – масқара!»: Әбенов шенеуніктердің жәрдемақыны қысқарту жоспарына шүйлікті
212
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов бала тууға берілетін жәрдемақыны қысқарту туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz. 

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында балаларды отбасының тұрмысына қарай бөліп-жаруға болмайтынын айтты.

Оның сөзінше, дүниеге келген әрбір бала мемлекет тарапынан бірдей қолдауға ие болуы тиіс.

«Сәбиді «бай» мен «кедейге» бөлуді тоқтату керек! Соңғы күндері бала тууға берілетін жәрдемақыны қысқарту туралы министрліктің жариялаған ұсыныстарына қатысты пікірім. Әр бала мемлекеттен тең қолдау алуы тиіс!» – деп жазды ол.

Мұрат Әбенов бұл ұстанымын да түсіндіріп өтті. 

Оның айтуынша, біріншіден, әр бала – мемлекеттің жаңа азаматы. Сондықтан балаға көрсетілетін қолдау ата-анасының табысына қарай бөлінбеуі керек.

Екіншіден, ол жәрдемақыны қайырымдылық емес, дүниеге келген әрбір жаңа азаматқа мемлекет тарапынан көрсетілетін міндетті қолдау ретінде қарастыру қажет деп санайды.

Үшіншіден, Әбенов отбасының бүгінгі әлеуметтік жағдайы болашақта өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.

«Бүгін жағдайы жақсы отбасы ертең қиындыққа тап болуы мүмкін. Мемлекет әр баланы бірдей қолдауы қажет», – деді ол.

Сонымен қатар ол демография мәселесіне назар аударды.

«Отбасыларды «мұқтаж» немесе «ауқатты» деп сұрыптау тек қағазбастылық пен жемқорлыққа жол ашады. Баладан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу!» – деп жазды Мұрат Әбенов.

Войдите, чтобы оставить комментарий