"Батыр қылған өздерін": Көлік министрі Асан Үмбетовтың неге халық қолдауына ие болғанын түсіндірді

19.08.2025 18:13
0
270
Коллаж: POLITICO.KZ
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев әлеуметтік желідегі видеодан кейін танымал болған Асан Үмбетовке қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Министр басшының былапыт сөз айтуын құптамайтынын, бірақ бұл жағдайда мән-жайды ескеру маңызды екенін атап өтті.

Биыл шілде айында әлеуметтік желіде ҚТЖ бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетовтің онлайн-кеңес кезінде қызметкерлеріне боқтық сөздер айтып, дауыс көтерген видеосы кеңінен тараған болатын.

Осы оқиғадан кейін көптеген қазақстандықтар әлеуметтік желіде Асан Үмбетовке қолдау білдіріп, оны өз ісіне берілген маман деп мақтаған еді. Кейінірек кәсіби мерекеге орай өткен салтанатты шарада әріптестері Үмбетовті дуылдата қол соғып, қошеметпен қарсы алған еді.

Бұған дейін, шілде айында бұл жағдайға қатысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да пікір білдірген еді. Ол кезде Скляр кез келген басшы үшін әдеп сақтау міндетті екенін, алайда ҚТЖ саласының күрделілігі мен қауіпсіздік мәселесін ескеру керектігін атап өткен болатын. Вице-премьер Асан Үмбетовпен түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін, оның өз қателігін мойындағанын және жұмысын жалғастыруы дұрыс болатынын мәлімдеген.

Бүгінгі Үкіметте өткен брифингте журналистер Көлік министрінен Үмбетовтің орынсыз әрекетіне қарамастан, оған көрсетілген мұндай құрметке мекеменің қалай қарайтынын сұрады.

«Әрине, басшылардың былапыт сөздер айтуға құқығы жоқ. Олай істеуге болмайды, бірақ әрқашан мән-жайды ескеру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, оған қандай баға берілетіні сіздерге де байланысты. Сіздер оны батыр болды дейсіздер, бірақ шын мәнінде, оны сондай еткен де сіздер», – деп жауап берді Нұрлан Сауранбаев.

Министрдің айтуынша, халық та, журналистер де бәрін көріп, түсініп отыр.

«Халықты да, сіздерді де алдай алмайсың. Мен ол кісіні жеке танимын, оның өз ісіне жаны ашитын адам екені көрініп тұр... Видеоны көрген қоғамның 90%-ы "жігіт өз ісіне жаны ашитын адам" деген. Меніңше, бұл жерде ескі анекдоттағыдай. Шыбын мен шенеуніктің ортақ несі бар? Екеуін де газетпен өлтіруге болады», – деді министр сөзін журналистерге қарата.

Бейне: QOGAMnews 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий