Батыс Қазақстанда аңшылық кезінде досын абайсызда атып өлтірген ер адамға үкім шықты
Батыс Қазақстан облысында аңшылық кезінде абайсызда танысын атып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс материалдарына сәйкес, екі таныс азамат далада аң аулауға шыққан. Олар бірнеше қоянды атқаннан кейін, ер адамдардың бірі қаруын тазалай бастаған. Сол сәтте қауіпсіздік талаптарын сақтамай, абайсызда шүріппені басып қалған.
Атылған оқ қасында тұрған жолдасының іш тұсына тиіп, ер адам ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Тергеу барысында қайғылы оқиға аңшылық кезінде қарумен жұмыс істеу қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзудан болғаны анықталды. Сот айыпталушыны абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін толық мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін және асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескерді. Нәтижесінде ер адамға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Соңғы жаңалықтар