Бектенов су тасқыны мен сел қаупі бойынша шұғыл тапсырма берді
Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі гидрологиялық жағдайға арналған кеңес өткізіп, алдағы күндері күтілетін нөсер жауын-шашынға байланысты бірқатар шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, жақын күндері Қазақстанның басым бөлігінде қатты жаңбыр жауады деп болжануда. Әсіресе Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында жауын-шашынның мол түсуі күтіледі. Осыған байланысты су тасқыны мен сел жүру қаупі артып отыр.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы мен Алматы облысында сел қаупі бар учаскелер тәулік бойы бақылауға алынған. Ақсай бөгетінде қорғаныс үйінділері күшейтіліп, Жаңатұрмыс ауылында жағалауды бекіту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Маңғыстау облысында бұған дейінгі су басудың салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
Кеңес барысында Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, эвакуациялық пункттер мен көлікті алдын ала дайындауды, халықты көшіру жоспарларын жаңартуды тапсырды. Сонымен қатар мореналық көлдерге, бөгеттер мен гидробекеттерге бақылауды күшейту міндеттелді.
Премьер-министрдің айтуынша, Алматы қаласы, Алматы және Маңғыстау облыстарындағы жағдай ерекше бақылауда болады.
Соңғы жаңалықтар