Батыс Қазақстанда жасөспірімді зорлады деген күдікті шенеунік ұсталды
Батыс Қазақстан облысында полиция 16 жастағы қызды зорлады деген күдікпен шенеунікті ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында күдікті шенеуніктің ұсталғанын мәлімдеді.
«БАҚ-та кәмелетке толмаған қыздың әкесінің айтқан уәждеріне байланысты тараған ақпараттарға қатысты мынаны хабарлаймыз: қылмыстық іс облыстық полиция департаментінің Тергеу басқармасының өндірісіне қабылданды. Көрсетілген қосымша мәліметтер сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексерілді. Күдікті қамауға алынды», – делінген жауапта.
Полициядағылар істің полиция департаменті басшылығы мен прокуратура органдарының бақылауында екенін атап өтті.
«Қорытынды шешім сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп түйіндеді полиция өкілдері.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін Қазақстанның батысында шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталған болатын. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, 57 жастағы шенеунік алдау арқылы оның кәмелетке толмаған қызын үйіне алып барып, оған қатысты зорлық әрекеттерін жасаған.
Ер адамның сөзінше, арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталған, алайда көп ұзамай босатылған. Ол тергеу полиция тарапынан жеткілікті деңгейде белсенді жүргізілмей жатқанын айтқан.
Неліктен іс тоқтатылып, кейін қайта қозғалды?
Кейінірек полиция өкілдері жыныстық қатынас өзара келісіммен болғанын мәлімдеді. Ресми деректерге сәйкес, қыз бен ер адамның арасында жазбаша хат алмасу болған.
Сондай-ақ полиция «жәбірленуші мен оның анасы күдіктіге қатысты қандай да бір талаптардан бас тартқанын» хабарлаған.
Мәжілісте өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Батыс Қазақстан облысының полициясы 16 жастағы қызды зорлау дерегі бойынша тергеуді қайта бастағанын айтты.
Оның сөзінше, тергеу органдары істі тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімді жойған.
Журналистер бұған дейін күдіктіні босатып, істі жапқан полиция қызметкерлері жауапқа тартыла ма деген сұрақ қойды. Вице-министр сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ІІМ қызметтік тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар