«Келісіммен болған»: 16 жастағы қызды зорлады деген шенеунікке қатысты оқиғаның мән жайы айтылды
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген 57 жастағы бұрынғы шенеуніктің ісі бойынша жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жәбірленуші мен оның анасы шенеунікке ешқандай кінә тақпайтынын жеткізіп, екі ортадағы байланыс өзара келісіммен болғанын мәлімдеген.
Биылғы жылдың 2 қаңтарында полицияға Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалғаны туралы хабарлама түсіп, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Полиция департаментінің мәліметінше тергеу барысында жәбірленуші мен күдікті арасындағы хат алмасулар мен істі объективті қарауға қажетті басқа да маңызды фактілер анықталған.
«Тергеу барысында кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық әрекеті фактісі анықталған жоқ, мұны жәбірленушінің өзі мен анасы да растап отыр және олар жақындықтың екі жақты келісіммен болғанын алға тартып, күдіктіге шағым түсіруден бас тартты», – деп хабарлады БҚО полиция департаменті.
Күдікті аудандық әкімдік бөлімінде жұмыс істеген, алайда арыз түскеннен кейін ол бірден қызметінен босатылды. Қазіргі уақытта Шыңғырлау аудандық полиция бөлімі тергеу әрекеттерін жалғастырып жатыр және қылмыстық іс облыстық полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауына алынған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шыңғырлау ауданында 57 жастағы жоғары лауазымды шенеунік 16 жастағы қызды алдап үйіне апарып зорлады деген ақпарат тараған еді. Ол кезде полицияға қыздың әкесі шағым түсіріп, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін айтқан болатын.
Соңғы жаңалықтар