Байден: Путин Украинаны толық алғысы келеді

Байден: Путин Украинаны толық алғысы келеді
08.05.2025 11:56
0
290
Фото: BBC
Джо Байденнің айтуынша, Владимир Путин Украинаны Ресейдің бір бөлігі деп есептейді және толық бақылауды қалайды

Джо Байден: Владимир Путин Украинаны тұтас алғысы келеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаны Ресейдің бір бөлігі деп есептейді және егер бейбіт келісім жасалатын болса, ол Украинаның бір бөлігін ғана бақылауда ұстағанды місе тұтпайды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден BBC News арнасына берген сұхбатында осылай деді. Байден Ақ үйден кеткелі бері медиаға алғаш рет сұхбат берді.

Байден Ресейге Украинаның бір бөлігін беру мүмкіндігін "қазіргі заманғы ымыраға келу саясатының" көрінісі деп атады. Оның пікірінше, Путин бұрын Совет одағында болғандай ықпалға ие болғысы келеді.

"Ол Совет одағы ыдырап кеткеніне көндіге алмай отыр. Ал ол тоқтайды деп сенген кез келген адам – ақымақ", – деп қосты Байден.

Бұған қоса бұрынғы президент Ақ үйде билікке Дональд Трамп келген соң АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас нашарлауы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. Байденнің сөзінше, мұндай жағдайлар қазіргі заманғы әлем тарихын өзгертуі ықтимал.

Сәуір айында Парижде өткен кездесуде АҚШ делегациясы Украина мен Еуроодақ елдеріне Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу жоспарын ұсынған. Оған сәйкес, АҚШ Қырымды де-юре Ресейдің бір бөлігі ретінде таниды, ал 2022 жылдың ақпанынан бері Украинаның Ресей әскері басып алған аумақтары Ресейдің бақылауында қалмақ, бірақ бұл аннексия халықаралық деңгейде мойындалмайды. Тек Харьков облысының шағын бөлігі қайтадан Украинаның бақылауына өтуі тиіс деген ұсыныс иесі.

Украина президенті Владимир Зеленский Киев Қырым мен басқа да аумақтарда Ресей юрисдикциясын ешқашан мойындамайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қырым мен Ресей басып алған аумақтардың мәртебесін талқылау соғысты ұзаққа созады.

Дереккөз:Азаттық Радиосы

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий