Белгілі заңгер Янаның өлімінен кейін қазақ отбасыларындағы ұл тәрбиесін сынға алды
Танымал отандық заңгер әрі блогер Ержан Есімханов Атыраудағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты сот процесіндегі айыпталушылардың әрекетіне шүйлікті. Ол қылмыскерлердің бойындағы шектен шыққан цинизм мен қатыгездіктің түп-төркінін қазақ қоғамындағы ұл балаға деген ерекше көзқарастан іздеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Заңгердің пікірінше, бүкіл елді дүр сілкіндірген бұл қылмыстық істе тек бойжеткеннің өлімі ғана емес, айыпталушылардың соттағы қылығы да жаға ұстатқан. Олар жасаған ісіне өкінудің орнына, марқұмның тағдырына мүлдем немқұрайлы қарап, сот залында өздерін тым еркін ұстаған.
"Адам шошырлық мән-жайларды талқылап жатқанда бастарын да көтермеді. Соттағы өркөкірек мінездеріне қарасаң, не бүлдіргендерін мүлдем түсінбейтін сияқты. Олардың бойындағы қарапайым адами функциялар өшіп қалғандай көрінді. Бүкіл Қазақстан "мұндай адамдар біздің арамызда қалай жүр?" деген сұрақты қойды", – деп жазды Есімханов.
Сарапшы бұл жағдайды былтырғы атышулы "Бишімбаев ісімен" салыстырды. Оның пайымдауынша, Яна Легкодимова мен Салтанат Нүкенованың өліміндегі детальдар егіздің сыңарындай ұқсас: екеуінде де шектен шыққан қатыгездік, құрбанға деген аяушылықтың жоқтығы және іздерді жасыру әрекеті бар.
Ержан Есімханов мұндай құбыжықтардың қалыпты отбасылардан шығатынын айта келе, қазақ қоғамындағы ұл тәрбиесінің үш негізгі кемшілігін атап көрсетті.
Біріншісі – ұлды құдайындай санау. Заңгердің сөзінше, көп отбасында ұл бала – ғаламның орталығы.
"Анасы, әпке-қарындастары – бәрі соған қызмет етеді. Бар тәтті – соған, бар назар – соған. Үйдегінің бәрі оның қас-қабағына қарайды. Одан ешкім қамқорлық күтпейді, оған қызға есік ашу немесе ауыр сөмкесін көтеру сияқты элементарлы нәрселер үйретілмейді. Мұндай жағдайда баланың шынайы өмірге деген дұрыс көзқарасы қалыптасуы екіталай", – дейді ол.
Екіншісі – әйелді "екінші сұрыпты" санау. Ұлды "хан" көтерген жерде, әйел автоматты түрде қызметшінің рөліне түседі. Қыздың міндеті – еркектің көңілін табу және кедергі келтірмеу болып қалады.
Үшіншісі және ең қауіптісі – жауапкершіліктен жалтару. Автор біздің қоғамда баласы қандай сұмдық жасаса да, ата-анасы оны "судан таза, сүттен ақ" қылып шығарып алуға тырысатынын ашына жазды.
"Соңғы он жылдағы бірде-бір резонанстық істе әкесінің шығып: "Иә, біз кінәліміз, құбыжық тәрбиеледік, заң бойынша жазасын алсын" деп мойындағанын көрмеппін. Керісінше, кез келген өтірікке барып, жылап-еңіреп, жазаны жеңілдетуге тырысады. Осыдан келіп, "әкем мен шешем шешеді" деп сенетін, істеген ісіне жауап бермейтін жігіттер өсіп шығады. Соңында олар сот алдында "біз жаспыз, өмір сүргіміз келеді" деп жалынышты кейіпке енеді", – деп түйіндеді заңгер.
Есімхановтың пікірінше, нағыз еркек болу сақал өсірумен емес, өз сөзі мен ісіне жауап берумен өлшенеді.
Еске салайық, Атырауды дүрліктірген сұмдық оқиға 2024 жылдың қазан айында болған еді. 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтіріп, денесін суға ағызіп жіберген екі қылмыскер жақында ғана сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
ІІМ Яна Легкодимованың өліміне қатысты атышулы видеоны жариялады.
Сот залына кірмесе де, қылмыстың түйінін тарқатқан тергеушінің ерен еңбегі ұлықталды.
Соңғы жаңалықтар