Бейнеуде адам өліміне әкелген жол апаты: Полиция майоры сотталды

01.10.2026 • 21:14 Қарақат АСЫЛОВА
Бейнеуде адам өліміне әкелген жол апаты: Полиция майоры сотталды
395
Әлеуметтік желіден

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасы сілтемемен.

Полиция майоры Мирас Бапышов 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, арнайы атағынан айырылды.

Қайғылы жағдай 2025 жылғы 10 қарашада шамамен сағат 21:30-да Бейнеуде болған. Toyota Land Cruiser Prado көлігін басқарған Бапышов Renault Sandero Stepway автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Renault жолаушысы оқиға орнында қаза тауып, Prado жолаушысы ауыр жарақат алған.

Сот материалдарына сәйкес, сараптама соқтығысар алдында Prado көлігінің шамамен 108,9 км/сағ жылдамдықпен жүргенін анықтаған. Елді мекендегі рұқсат етілген жылдамдық – 60 км/сағ. Ал Renault жүргізушісі солға бұрылу кезінде қарсы бағытта келе жатқан көлікке жол бермеген.

Сот екі жүргізушінің де алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады. Renault жүргізушісінің қанынан 0,53 промилле, ал Бапышовтан 2,65 промилле алкоголь табылған. Алайда полиция қызметкерінен қан апаттан кейін шамамен сегіз сағат өткен соң алынған.

Бапышов сотта жол апатына дейін ішімдік ішпегенін айтып, оқиғадан кейін үйінде қорқынышын басу үшін арақ ішкенін мәлімдеген. Алайда куәгер оның бойынан алкоголь иісі апаттан кейін бірден сезілгенін айтқан. Сот бұл нұсқаны негізсіз деп тапты.

Қосымша сараптама Prado рұқсат етілген 60 км/сағ жылдамдықпен жүрген жағдайда Renault бұрылысты аяқтап, жолақты босатып үлгеретінін көрсеткен.

Сот Мирас Бапышовты мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзып, адам өліміне әкелгені және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, 10 жылға көлік жүргізу құқығынан және полиция майоры атағынан айырылды.

Renault жүргізушісіне 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оған да 10 жылға көлік басқаруға тыйым салынды.

Үкім шыққанға дейін Бапышов үйқамақта болған. Сот шешімі жарияланғаннан кейін екі жүргізуші де сот залында қамауға алынды.

Войдите, чтобы оставить комментарий