Бітімге қарамастан, Израиль өз мақсаттарынан бас тартпайды – Нетаньяху

09.04.2026 10:09 Әсел Мұрат
Бітімге қарамастан, Израиль өз мақсаттарынан бас тартпайды – Нетаньяху
306
Фото: ашық дереккөз

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранмен қажет болған жағдайда кез келген уақытта қайтадан соғысуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz Еuronews-ке сілтеме жасап.

Нетаньяху АҚШ пен Иран арасында жасалған екі апталық бітімге қарамастан, Израиль өз мақсаттарынан бас тартпайды.

«Бізде әлі де орындалуы тиіс міндеттер бар және оларға келісім арқылы немесе әскери іс-қимылдарды қайта бастау арқылы жететінімізді ашық айтқым келеді», – деді ол өз мәлімдемесінде.

Ол Израиль кез келген уақытта әскери әрекеттерді қайта бастауға әзір екенін атап өтті.

«Біз ұрыс қимылдарын кез келген сәтте қайта бастауға әзірміз. Саусағымыз әлі де шүріппеде тұр. Бұл – науқанның аяқталуы емес, алға қойған мақсаттарға жету жолындағы кезекті кезең ғана», – деді ол.

Нетаньяху Иранның қазіргі жағдайын «айтарлықтай әлсіреген және бұрын-соңды болмаған деңгейде осал» деп сипаттады.

Сондай-ақ ол бітімге қатысты оппозиция тарапынан айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Израиль оппозициясының көшбасшысы Яир Лапид бұл келісімді «дипломатиялық сәтсіздік» деп бағалап, үкімет соғыс мақсаттарына жете алмағанын айтқан болатын.

Израиль премьер-министрі соғыстың басты мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын толық жою немесе едәуір әлсірету екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағдарлама Израиль үшін «экзистенциалдық қауіп» болып саналады.

Бұдан бөлек, ол Иранның баллистикалық зымыран мүмкіндіктерін шектеу, елдегі саяси режимді әлсірету немесе өзгерту, сондай-ақ Тегеранның өңірдегі ықпалын азайту бағытындағы міндеттерді де атады.

Премьер-министрдің сөзінше, әскери операция барысында Израиль елеулі нәтижелерге қол жеткізген.

«Біз тек дайын зымырандарды ғана емес, оларды өндіретін кәсіпорындарды да жойдық. Қазіргі таңда Иран қолда бар қордағы зымырандарды ғана пайдалануда, ал бұл қор күн өткен сайын азайып келеді», – деді ол.

Сонымен қатар Израиль тарапы Иранның ядролық бағдарламасына айтарлықтай соққы жасалғанын хабарлады.

«Маңызды инфрақұрылым нысандары мен центрифугаларды жою арқылы біз Иранның ядролық әлеуетіне үлкен зиян келтірдік», – деді Нетаньяху.

Оның айтуынша, Израиль байытылған уранды Иран аумағынан шығаруды да қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ Израиль Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының қаржылық жүйелері мен қару өндірісі желілерін жойғанын мәлімдеді. Әскери операциялар барысында металлургия кәсіпорындары, мұнай-химия кешендері және көлік инфрақұрылымы нысандары да зақымданған.

«Біз режимнің қысым көрсету аппаратына да ауыр соққы жасадық. Мыңдаған содыр жойылды және біз олардың кез келген жеріне жете алатынымызды дәлелдедік», – деді премьер-министр.

Сонымен қатар ол АҚШ-пен әріптестіктің маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Біз бірлесе отырып Таяу Шығыс тарихындағы ең ауқымды операциялардың бірін жүзеге асырдық. Израиль мен АҚШ арасындағы мұндай ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған», – деді Биньямин Нетаньяху.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий