"Бізде туыс та, жеке өмір де қалмады": Аида Балаева пранк пен әлеуметтік эксперименттерді шектеуді ұсынды

20.11.2025 11:11 Арман Ермеков
0
403
Фото: ашық дереккөз

Енді көшеде бейтаныс адамдарды рұқсатсыз суретке немесе видеоға түсіріп, оны желіге жүктейтіндерге заңмен тыйым салынуы мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Сенат кулуарында «Масс-медиа туралы» заңға енгізілуі ықтимал өзгерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі таңда қоғамда түрлі пранк пен әлеуметтік эксперименттер көбейіп кеткен. Блогерлер қарапайым халықты ыңғайсыз жағдайға қалдырып, оны арзан күлкі мен рейтинг үшін пайдаланады. Министрлік дәл осы мәселені реттеу қажет деп есептейді.

«Біздің мақсатымыз – тыйым салу емес, саланы тәртіпке келтіру. Қазір адамдарды кез келген жерде рұқсатсыз таспаға тарта беретін болды. Әрине, мемлекеттік қызметшілер міндетін атқару кезінде бұған түсіністікпен қарайды, біз үйреніп кеткенбіз. Бірақ қарапайым азаматтардың жеке кеңістігі бұзылмауы тиіс. Пранк ұйымдастырып, біреудің келісімінсіз видеоға түсіру дұрыс емес. Бұл талқылауды қажет етеді», – деді Аида Балаева.

Журналистер министрден «Бұл шенеуніктердің өз бастарын қорғау амалы емес пе?» деп сұрады. Алайда Аида Ғалымқызы бұл өзгерістердің атқамінерлерге қатысы шамалы екенін алға тартты.

«Біз камераға әлдеқашан етімізді үйреткенбіз. Шыны керек, бізде туыс та, жеке өмір де қалмады. Қайда барсақ та, суретке түсіріп жатады. Мәселе шенеунікте емес, біз де осы елдің азаматымыз ғой. Әңгіме қарапайым халықтың тыныштығы туралы болып отыр», – деп жауап қатты министр.

Айта кетейік, мұндай бастаманың көтерілуіне халықтың жанайқайы түрткі болған. Министрлікке тұрғындардан шағым жиі түседі екен. Көпшілік көшеде еркін серуендеуден қалғанын, кез келген сәтте біреу камерасын кезеп, контент үшін мазақ қыла ма деп қауіптенетінін жеткізген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий