«Болмауы тиіс соғысты мұраға алдым»: АҚШ басшысы Киевтің алғыс айтпайтынына қынжылды
АҚШ Президенти Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты кезекті рет пікір білдіріп, Киев билігі мен Еуропа елдерін сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақ үй басшысының сөзінше, қазіргі қанқұйлы әрі сұмдық соғыстың алдын алуға әбден болатын еді. Трамп егер АҚШ пен Украинада мықты әрі дұрыс көшбасшылық болғанда, бұл жағдай ешқашан орын алмас еді деген пікірде. Ол соғыстың өзі екінші мерзімге кіріскенге дейін, Джо Байден әкімшілігі кезінде басталып, ушығып кеткенін алға тартты.
Трамп 2020 жылғы сайлау нәтижелерін тағы да жоққа шығарып, егер сол кезде ұрлық болмағанда, Украинадағы жағдай туралы сөз де қозғалмас еді деп есептейді. Оның пайымдауынша, Ресей басшысы Владимир Путин АҚШ-тың сол кездегі әлсіздігін пайдаланып қалған.
«Путин «ұйқышыл Джоның» (Байденді меңзеп – ред.) әрекетін көргенде ғана: «Міне, менің мүмкіндігім туды!» деп ойлады. Қалғаны тарих қой, ал соғыс әлі жалғасып жатыр. Мен мүлде болмауы тиіс соғысты мұраға алдым. Бұл – бәрі үшін, әсіресе, бекерден-бекер қырылған миллиондаған адам үшін жеңіліс», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Трамп Киевтің АҚШ көрсеткен көмекке дұрыс баға бермей отырғанына қынжылыс білдірді.
«Украина басшылығы біздің күш-жігерімізге титтей де алғыс білдірген жоқ. Ал Еуропа болса, Ресейден мұнай сатып алуды доғарар емес», – деп атап өтті саясаткер.
Сонымен қатар, Трамп қару-жарақ тасымалдау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір АҚШ қаруды НАТО-ға сатуда, ал ол әрі қарай Украинаға таратылып жатыр. Осы тұста ол өзіне дейінгі әкімшіліктің, яғни Байденнің қаруды да, қомақты қаражатты да тегін таратқанын еске салды.
Соңғы жаңалықтар