«Денем іріңдеп кетті»: Ақтаулық әйел липосакциядан кейін ауруханаға түсті

03.07.2026 10:58 Әсел МҰРАТ
«Денем іріңдеп кетті»: Ақтаулық әйел липосакциядан кейін ауруханаға түсті
141
Фото: magnific.com

Ақтау қаласының тұрғыны Камила Нұржан жекеменшік клиникада жасатқан липосакциядан кейін жағдайы асқынып, ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Politico.kz Lada.kz порталына сілтеме жасап.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқасқа шұғыл ота жасалып, қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр. Оқиғадан кейін әйел клиника мен ота жасаған маманның әрекетін тексеруді талап етіп, құзырлы мемлекеттік органдарға ресми шағым түсірген.

Камиланың айтуынша, липосакциядан кейін көп ұзамай денсаулығы күрт нашарлап, ауыр іріңді қабыну белгілері пайда болған. Осыған байланысты ол шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізіліп, хирургиялық ем алған.

Жәбірленушінің сөзінше, жекеменшік клиника өз кінәсін мойындамаған. Медициналық мекеме өкілдері науқастың жағдайын ағзаның отаға жеке реакциясымен байланыстырған. Алайда Камила бұл тұжырыммен келіспейтінін айтып, болған жағдайдың себептері тәуелсіз тексеру арқылы анықталуы тиіс деп есептейді.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға жолданған арызда клиниканың қызметіне кешенді тексеру жүргізу сұралған. Атап айтқанда, медициналық ұйымның заң талаптарына сәйкестігі, лицензиялары мен рұқсат құжаттарының болуы, санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы және көрсетілген медициналық қызметтің сапасы тексерілуі қажет.

Бұдан бөлек, әйел ота алдындағы тексерудің толықтығын, отадан кейінгі медициналық бақылаудың ұйымдастырылуын және ем жүргізген медицина қызметкерлерінің кәсіби әрекеттеріне құқықтық баға беруді талап етіп отыр.

Сондай-ақ Камила Нұржан липосакция үшін төлеген қаражатты толық көлемде қайтаруды сұраған. Егер тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталса, жауапты тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуды талап ететінін айтты.

Қазіргі таңда жәбірленуші дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдап жатыр. Ол азаматтарды пластикалық ота немесе косметологиялық процедура жасатпас бұрын медициналық ұйымның лицензиясын, рұқсат құжаттарын және дәрігерлердің біліктілігін мұқият тексеруге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда липосакциядан кейін тағы бір қайғылы жағдай тіркелген болатын. Бұрынғы мәслихат депутаты 49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде ота жасатқаннан кейін наркоздан есін жимай, комаға түскен. Марқұмның жұбайының айтуынша, операциядан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтерілген. Бір айдан соң ол ауруханада көз жұмды. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі аталған клиникаға жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталғанын хабарлаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий