Депутат Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевқа қатысты жабылған істі қайта қозғауды талап етті

Депутат Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевқа қатысты жабылған істі қайта қозғауды талап етті
01.10.2025 15:29
0
419
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевтың ісіне қатысты үнсіз қалуды сатқындықпен теңеп, Бас прокурордың атына сауал жолдады. Ол бірінші президенттің інісінің ұлына қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Депутат Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың үстінен бұрын қозғалып, кейін жабылған қылмыстық істі қайта тергеуді талап етті.

«Менің бүгінгі депутаттық сауалым осы тақырыптың жалғасы. Ол Нұрбол Назарбаевтың қылмыстық әрекеттерін және оның тарапынан жазықсыз азаматтарға жасалған зорлық-зомбылықты тергеуге қатысты. Айта кету керек, Мәжіліс немесе жекелеген депутаттар тарапынан Нұрбол Назарбаевқа қарсы ешқандай келісілген науқан жоқ. Біздің сауалдарымызды атышулы отбасының 30 жылға жуық уақытқа созылған қысымы мен заңсыздығынан зардап шеккен азаматтар үшін әділдікті қалпына келтіруге деген ұмтылыс деп түсіну керек», – деді Ермұрат Бапи.

Депутатқа Нұрбол Назарбаевтың тарапынан кәсібін рейдерлік жолмен басып алу туралы азаматтардан бірнеше рет шағым түскен. Депутат ол арыздардың кейбірін Бас прокурордың атына жолдаған.

Бәпидің айтуынша, оған Қарағанды қаласының кәсіпкері Қуат Ерментаев көмек сұрап жүгінген. Кәсіпкер Нұрбол Назарбаевтың тарапынан рейдерлік, яғни бизнесті күшпен тартып алу әрекетінің құрбаны болғанын айтады. Оның сөзінше, ол өзіне тиесілі «PORUS» серіктестігіндегі үлесінен айырылып, тақырға отырған.

«Жақында Қарағандыдан Қуат Ерментаев есімді азамат тағы да шағымданды. Ол Нұрбол Назарбаевтың рейдерлік әрекетінен зардап шеккенін айтып, тартып алынған кәсібін қайтаруға көмек сұрайды», – деп қосты депутат.

Осы оқиғаға байланысты кәсіпкердің арызы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс қозғаған екен. Алайда, арада екі жыл өткен соң, бұл іс «қылмыс құрамының болмауына байланысты» деген себеппен тоқтатылған.

Мәжілісмен істі Назарбаевтар отбасының нұсқауымен жапты деп санайды және тергеуді қайта бастауды талап етеді.

«Егер құқық қорғау органдары азаматтардың көз жасымен жазған өтініштеріне үнсіз қалатын болса, мұны Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру бастамасына жасалған сатқындық деп бағалау керек», – деп мәлімдеді Ермұрат Бапи.

Айта кетейік, Бас прокуратура Назарбаевтардың біріне қатысты іс қозғаған болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий