«Екі ұлымыздан айырылдық»: Каспийдегі сұмдықтан соң ұсталған қолбасшының ата-анасы президентке үндеу жасады
Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуда 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін ұсталған Данияр Хайрушевтің ата-анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан оқиғаны жан-жақты тексеріп, әділ тергеу жүргізуді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бейнеүндеуді бұған дейін де әкесін қорғап сөйлеген қызы жариялады.
«Бұл бейнеүндеуді әкем Данияр Хайрушевтің ата-анасы, менің атам мен әжем президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арнап жазды. Әкем Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Атам мен әжем де ата-ана ретінде әділдік орнап, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі әділ қаралғанын ғана қалайды. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Олардың қайғысына ортақпыз. Жақыныңнан айырылудың қаншалықты ауыр екенін жақсы түсінеміз, өйткені біздің отбасымыз да осындай қасіретті бастан өткерген», деп жазды қызы.
Видеода Хайрушевтің анасы қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, екі ұлынан айырылғанын жеткізді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен, оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын жақсы түсінеміз, себебі өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан өткердік, екі ұлымыздан айырылдық. Бүгін ұлымыз Данияр туралы бірнеше сөз айтқымыз келеді. Ол бала кезінен адал, ар-намысты және жауапкершілігі мол азамат болып өсті. Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Біз ұлымыздың бұл жағдайға қасақана жол бергеніне сенбейміз», дейді анасы.
Ол президенттен асығыс қорытынды жасауға жол бермеуді сұрады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз Сізге ата-ана ретінде жүгініп, тек әділдік пен объективті тергеу жүргізілуін сұраймыз. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, асығыс қорытынды жасалмаса екен дейміз. Біз қаза болғандардың отбасыларының қайғысына ортақтасамыз және барлығы үшін әділдік болғанын қалаймыз. Қаза болған әскери қызметшілердің жандары жәннатта болсын», дейді ол.
Еске сала кетейік, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы – Данияр Хайрушев Каспий теңізіндегі «Хазар Қорғаны 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс бойынша ұсталған 5 лауазымды тұлғаның бірі. Оқу-жаттығу салдарынан 14 әскери қызметші қаза тапқан. Ресми органдардың мәліметінше, тергеу Қазақстан Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүріп жатыр.
Бұған дейін Хайрушевтің қызы мен әйелі де әлеуметтік желіде оны қорғап мәлімдеме жасаған еді.
Соңғы жаңалықтар