Екібастұзда шенеуніктер құмар ойынмен ұсталды
Екібастұз қаласында прокуратура мемлекеттік қызметшілер арасында заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Тексеру барысында бірқатар әкімдік қызметкерлерінің букмекерлік кеңселерде есепшоттары болғаны белгілі болды. Бұл – мемлекеттік қызметкерлерге қойылған тікелей тыйымды бұзу болып саналады.
Қадағалау органының мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі сектор меңгерушісінің шоты арқылы 6,8 миллион теңге көлемінде қаржы айналымы өткен. Осындай деректер ауылдық округ әкімі, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары және әкімдіктің тағы жеті қызметкері арасында да тіркелген.
Аталған фактілер бойынша материалдар Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолданды. Қызметтік тексеру нәтижесінде Екібастұз қаласы әкімінің аппарат басшысы қарамағындағы қызметкерлерге бақылауды тиісті деңгейде жүргізбегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар