Экс-әкім Досаевтың ұлы жаңа қызметке тағайындалды

05.10.2026 • 17:04 Әсел МҰРАТ
Экс-әкім Досаевтың ұлы жаңа қызметке тағайындалды
348
Фото: ашық дереккөз

«Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жаңа IT-компания – Pivot Limited тіркелді. Компанияны Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың ұлы Нұрлан Асқарбеков басқарады. Ол Pivot Limited-тің директоры әрі бас атқарушы директоры қызметіне тағайындалған, деп хабарлайды Politico.kz.

АХҚО-ның ресми тізіліміндегі ақпаратқа сәйкес, Pivot Limited 2026 жылғы 2 қазанда жеке компания ретінде тіркелген. Заңды мекенжайы Астана қаласының Есіл ауданындағы Мәңгілік Ел даңғылы, 55/20 мекенжайында орналасқан.

АХҚО тізілімінде Нұрлан Асқарбеков компанияның директоры және бас атқарушы директор (CEO) ретінде көрсетілген. Оның екі лауазымдағы өкілеттігі де 2026 жылдың 2 қазанында басталған.

Компания қандай жобалармен айналысады?

Pivot Limited-тің негізгі қызмет бағыты – бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу. Компания жасанды интеллект пен робототехникаға негізделген технологиялық шешімдер жасап, оларды сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар компания автоматтандыру технологияларын енгізу, түрлі жүйелерді интеграциялау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу бағыттарында жұмыс істемек. Тізілімде техникалық қолдау көрсету қызметі де компанияның жоспарланған бағыттарының бірі ретінде көрсетілген.

Компанияның акционері кім?

АХҚО тізіліміндегі мәлімет бойынша, Pivot Limited компаниясының акционері – Circle Limited.

Компанияның шығарылған акцияларының саны – 100 жай акция. Әр акцияның номиналды құны 1 АҚШ долларын құрайды. Осылайша, Pivot Limited-тің жалпы акция капиталы 100 АҚШ долларына бағаланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий