Ел тарихындағы қос палаталы парламенттің соңғы бірлескен отырысы өтіп жатыр
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бірлескен отырысқа мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов төрағалық етуде. Жиын барысында мемлекет басшысы сөз сөйлеп жатыр.
Тоқаев Парламенттің соңғы бірлескен отырысында депутаттарға алғыс айтты.
Президенттің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Парламент шамамен 3,5 мың заң қабылдаса, соның әрбір оныншысы депутаттардың өз бастамасымен әзірленіп, қабылданған.
«Қазақстанның заң шығару жүйесінің негізін халқымызға кеңінен танымал саясаткерлер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қалады. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Ел игілігі жолындағы жанқиярлық қызметі халқымыздың жадында мәңгі сақталатынына кәміл сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Парламент қай кезеңде де уақыт талабына сай жұмыс істеп, қоғам сұранысына дер кезінде жауап бере алатын маңызды мемлекеттік институт ретінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
«Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін қабылданатын әрбір заңның мәні мен маңызы айрықша екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтті пайдалана отырып, Мәжіліс пен Сенаттың барлық депутаттарына елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін, мемлекет пен ұлт мүддесін әрдайым бәрінен биік қойғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді мемлекет басшысы.
Соңғы жаңалықтар