Елімізде АӨК өнімдері экспорты ұлғайтып, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі артады

Елімізде АӨК өнімдері экспорты ұлғайтып, ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі артады
11.11.2024 11:35
0
169
Елімізде импортты алмастыру және бәсекелестік артықшылықтарды арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылданып келеді. АӨК-ті жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өсіп, субсидиялау жүйесі реформалануда, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі мен лизингі көлемі артып келеді. Мұның барлығы өз нәтижесін беріп, Қазақстан бүгінде ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге күш салып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруға ұмтылуда. Ауыл шаруашылығы дақылдары экспортының өсуі  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) деректері бойынша елімізде жыл басынан бері астық экспортының өсуі тіркелді, бұл ретте жаңа тасымалдау бағыттары игерілуде. Атап айтқанда, арпа, жасымық және жүгері тасымалы бірнеше есеге артқаны байқалады.
«Қазақстандық арпаны Иран соңғы екі айда сегіз есе өсіммен қайта импорттай бастады. 10 айда арпа экспорттық тасымалы 710 мың тоннаны құрап, 69%-ға өсті», — деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Жүгері дәнінің экспорты биыл 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38%-ға, Өзбекстанға тасымалдау 3 еседен астамға өсті. Сондай-ақ биыл Иранға жүгері дәнін тасымалдау басталды. Жасымық экспорты 7 есеге артып, 80 мың тоннаға жетті, басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберілді. ҚТЖ мәліметінше, бұршақ тасымалы үш есеге артты. Қазақстаннан Ауғанстанға импорт көлемі екі есе, Өзбекстанға үш есе өсті. Сондай-ақ күріш өндірушілер Әзербайжан мен Беларусь жаңа нарықтарын игеру арқылы экспортты +47%-ға (52 мың тонна) арттырды. Сонымен қатар 2024–2025 маркетинг жылында Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, $250 млн көрсеткішіне жеткізуді көздеп отыр. Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, экспорттың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – Қазақстанда өндірілген ақуызы жоғары жемшөптер үшін Қытай нарығының ашылуы болды, ол үшін қытайлық сатып алушылар жоғары баға ұсынып отыр. Қазақстанның май зауыттары Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде $56 млн-ға келісімшартқа отырды. Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, Шанхайда биыл қазақстандық 12 май зауыты май өнімдерін ұсынады. Бүгінгі таңда Қытай қазақстандық май өнімдері экспорты бойынша қаржылай көрсеткіште көш бастап тұр. Майлы дақылдар өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы қазақстандық 24 май зауытын Қытай кеден тізіліміне жедел енгізуге жәрдемдескен салалық министрліктер — ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан болған қолдаудың маңыздылығы атап көрсетті. Сондай-ақ өсімдік майларының ай сайынғы экспорттық көлемін біркелкі бөлу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен үйлестірілген жұмыс маңызды аспект болып саналады. Май өңдеушілер екі жыл ішінде Қытайға өсімдік майы мен мал азығы экспортын $300 млн деңгейінде жеткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның CIIE–2024 көрмесіне қатысуы Қытай нарығына май өнімдері экспортын кеңейту мен еліміздің Азиядағы сауда позициясын нығайтудағы маңызды қадам болды. Қазақстандағы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай үлкен, бұл оның ірі нарықтарға: Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын болуына байланысты. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қолдау шаралары Өнеркәсіптік инвесторлар одағының деректері бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің жылдық көлемі 263 млрд теңгені құрайды, 2025 жылы 300 млрд теңгеге дейін өседі деп болжануда. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында 8 кәсіпорында тракторлар мен астық жинайтын комбайндар шығарылады, бұл қазірдің өзінде шаруалардың осы техникаға деген жылдық қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Тағы 20-дан астам кәсіпорын тіркеме және аспалы ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын шығарып, импортқа тәуелділікті азайтуда. Бүгінде тракторлар мен комбайндардың, сондай-ақ аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасының әрбір шығарылатын үлгісіне дәнекерлеу, кесу, ию және бояу операциялары орындалады. Трактор кабиналарын дәнекерлеу және бояу, сондай-ақ энергиямен қаныққан тракторлар корпусы элементтеріне пластикалық бөлшектерін дайындау мерзімінен бұрын игерілді. Келесі жылы өндірушілер астық бункерлерін, көлбеу камераларды, ұсақтағыштарды және комбайн кабиналарын жасау бойынша операцияларды меңгеруді жоспарлап отыр. Еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылығы машина жасау локализациялау орталығы Қостанайда жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасы мен автоөнеркәсіпке арналған 25 мың бірлік торап, агрегат, компонент пен қосалқы бөлшек шығарады. Биыл отандық ауылшаруашылық техникасын сатып алғанда шаруаларды субсидиялау туралы шешім қазірдің өзінде нәтиже беріп отыр: жетекші шетелдік өндірушілер біздің нарыққа қызығушылық танытуда. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, әлемге әйгілі John Deere компаниясы Қазақстандағы жергілікті қатысуын құрастыру кооперациясы арқылы кеңейтуді жоспарлап отыр. Deere & Company, Eurasia Group және «Бәйтерек» холдингі құрастыру ынтымақтастығы арқылы John Deere компаниясының Қазақстандағы жергілікті қатысуын кеңейтуге бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл стратегиялық серіктестік инновацияларды ынталандыруға, жергілікті өндірістік қуаттарды нығайтуға, елдің тұрақты экономикалық өсуіне ықпал етуге арналған және Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібінде алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге, цифрлық трансформацияға және тиімділікті арттыруға бағытталады, деп атап көрсетті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Ең озық технологияларды пайдалана отырып және білім алмасуды қолдау арқылы біз экономикаға да, жергілікті қауымдастықтарға да пайда әкелетін тұрақты өсудің негізін қалап жатырмыз», — деді, John Deere ТМД және Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы және көгал жабындылары бизнесінің президенті Чаба Лейко.
Eurasia Group – Қазақстандағы John Deere техникасының ресми дилері. Айта кету керек, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қабылданған шаралар аясында биыл келесі бағдарламалар жүзеге асырылды: 1. Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың жаңа тетіктері қабылданды: - инвестициялық субсидиялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде өндірісі Қазақстанда жолға қойылған техниканың импорттық аналогтарын субсидиялау мүмкіндігі алынып тасталды; - ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін несиелер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың сараланған тетігі қолданылды (отандық өндіріс техникасын сатып алу үшін сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін, импорттық техника үшін 15%-ға дейін субсидияланады). Жаңа тәсілдер қосымша бюджет қаражатын тартпай, отандық кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау көлемін екі еседен астамға арттыруға мүмкіндік береді. 2. Биыл маусым айынан бастап алғаш рет сыйақы мөлшерлемесі жылына 5% болатын 120 млрд теңге сомасына отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингінің ауқымды бағдарламасы іске қосылды. Келесі жылы жеңілдікті лизинг бағдарламасының бюджетін 200 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. Шаруалардың техника сатып алу қабілетін арттыруда оң динамика байқалады. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпаратына сәйкес, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 8 796 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен (5 795 бірлік) 52%-ға артық. Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретінін, сонымен қатар отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорындарының дамуына мультипликативті әсер ететінін атап көрсетті.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий
или