“Ешкім келіп құттықтамады”: 96 жастағы тыл ардагері Жеңіс күніне төлем ала алмай қалды

23.05.2026 14:32 Қарақат АСЫЛОВА
“Ешкім келіп құттықтамады”:  96 жастағы тыл ардагері Жеңіс күніне төлем ала алмай қалды
283
Тыл еңбеккері мерекелік құттықтаусыз қалды

Орал қаласында 96 жастағы тыл ардагері Сандеш Жапашева Жеңіс күніне арналған құттықтау мен 50 мың теңге көлеміндегі біржолғы төлемді ала алмай қалған, деп хабарлайды Politico.kz сайты КТК-ға сілтемемен.

Зейнеткер электронды базадан жоғалып кетіп, тіркеуден де шығып қалғаны белгілі болды.

Сандеш Жапашева — еңбек ардагері, ұзақ жылдар мектеп директоры болған ұстаз. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, білім беру ісінің үздігі әрі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болған.

Ардагердің немерелері мән-жайды анықтау үшін ХҚКО-ға жүгінген. Мамандар бұл жағдайды техникалық ақаумен түсіндірген. Туыстарының айтуынша, әжесі мерекеде назардан тыс қалғанына қатты ренжіген.

“Біз үшін бұл 50 мың теңге маңызды емес. Мәселе әжемізді ешкім келіп құттықтамағанында. Оның соған қатты көңілі түсіп кетті”, – деді немересі Ернар Әлдекешев.

Ал төлемге жауапты мекеме өкілдері бұрын тізімдер бухгалтерия арқылы жасалса, енді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын деректер негізінде қалыптастырылатынын айтты. Алайда Сандеш Жапашеваның аты жүйеден табылмаған.

Қала әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, ардагердің тіркеуі 9 мамырдан кейін ғана қайта рәсімделген. Сол себепті ол мерекелік төлем алушылар тізіміне енбей қалған.

Войдите, чтобы оставить комментарий